Қаладағы балабақша мен мектеп, спорт, ойын залдары мен алаңдардағы төсемелер енді өзімізден шығады. Атырауда тозған шиналарды қайта өңдеу арқылы резеңке үгінділерден жабын өндіріле бастады.
Өңірде бұрын-соңды болмаған жоба мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен ашылып отыр. Қазір цехта күніне 1,5-2 тонна шина түйіршіктері өндіріледі, 3,5-4 тонна ескі дөңгелек өңделеді. Ал, жобаның қуаты сағатына 700 келі түйіршік шығаруға қуаты жетеді. Бұл туралы «Даму» қоры Атырау облыстық филиалы өткзізген баспасөз-туры аясында белгілі болды.
«Даму» қоры Атырау филиалының директоры Дәурен Жолдасбектің айтуынша, жыл басынан бері 19 млрд теңгеге 214 жобаға субсидиялау келісіміне қол қойылған. «New Eco City» ЖШС компаниясы өз қызметін өңірде осыдан төрт жыл бұрын ашқан. Бұл жоба «Бизнес жол картасы-2025» шғаны несиелеу шеңберінде Атырау қаласының «Қазақстан Халық Банкі» АҚ жылдық 14 пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қолдау білдірді. Онда сыйақы мөлшерлемесінің 6 пайызын компания төлейді, ал 8 пайыз айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, компания «Даму» қоры кредит сомасының 37% мөлшеріндегі кепілдігін пайдаланды.
Айта кету керек, резеңке үгінділерден жасалған жабындар үй ішінде де, балабақшалардағы, мектептердегі, спорт, ойын залдарындағы, саяжайлардағы жән ашық алаңдарда да қолданылады. Бүгінде Атырау қаласында шиналарды өңдеу маңызды саласымен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. Шикізаттың негізгі жеткізушілері «Nasar Solutions» ЖШС, «КазтрансГаз өнімдері» ЖШС, «Эко Ойл Сервис» ЖШС, «Silk Way Petroleum» ЖШС, «КазТехмунайСервис» ЖШС болып табылады.
Ал, «Калиева» жеке кәсіпкерлігі «Elza&ART» студиясын жыл басында ашқан. Эльза Калиева қаржыгер болғанмен, бірнеше жыл ҰҚК-да корпоративтік сатудың бас менеджері болып жұмыс істеді, алайда шығармашылыққа деген сүйіспеншілік өз бизнесін ашуға әкелді. 2016 жылы Алматы, Астана қалаларында киім дизайнерлерінің курстарын сәтті аяқтап, ол өз командасын жинап, дизайнерлік ателье ашуға шешім қабылдады. Сол жылы оның «Атырау аруы» байқауында алғашқы сән көрсетілімі өтті, ол бизнестің табысты дамуына қуатты серпін берді.
Жұмыс барысында «Қалиева» ЖК өз клиенттері пайда болды, Атыраудың жетекші компанияларынан жеке тапсырыстар түсе бастады. Бүгінде Эльза Қалиева «ELZA & ART» патенттелген брендімен өзінің киім желісін шығару бойынша танымал дизайнер болып табылады. 2019 жылы «Бизнес Леди Қазақстан» жобасы бойынша Францияда өткен «Қазақстан күзі» шоуына қатысып, «VOGUE» журналы мен «DIOR», «PRADA» әлемдік сән үйлерінің өкілдерін киімдегі этникалық стилімен таң қалдырды.
Сондай-ақ, жергілікті журналистер баспасөз-туры аясында «Сова» оқу орталығында, «Munar» тіс емханасында болып, қызметімен танысты.