Тәуелсіздік күні қарсаңында апатты деп танылған үйлердің иелеріне «Нұрсая» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден 67 пәтер және «Зарослый» ықшам ауданынан 6 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты іс-шарада қала әкімі Шәкір Кейкін қала тұрғындарын қоныс тоймен құттықтап, баспана кілтін табыс етті.
Бүгін қоныс тойын тойлаған тұрғындар арасында Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Аспа ауылының тұрғындары бар.

-Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс және қала әкімдігінің қолдауымен жаңа баспаналы болып жатырмыз. Бұл біздің көптен күткен қуанышымыз. Осындай көңіл-күй сыйлаған қала әкіміне алғыс білдіреміз. Үйіміз құт-берекеге толы болсын. Барша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматқа қуаныш бұйырсын деп тілеймін, — деді Аспа ауылының тұрғыны Дармия Шыңғалиева.

Айта кету керек, Атырау қаласында жыл басынан бері апатты үй иелеріне және осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 350-ден астам үй берілді.