Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Golden Steppe Explorers» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өңірдің мәдени-тарихи және табиғи нысандарын кеңінен насихаттауға бағытталған «Қыр баласы қол созады аспанға…» арт-экспедициялық жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба аясында әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда жарияланған контент арқылы облыстың туристік әлеуеті кеңінен таныстырылады.
Экспедиция аясында өңірдің 7 ерекше локациясы – Жылыой, Индер, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат, Махамбет аудандарындағы мәдени-тарихи және табиғи орындарды кемінде 40 жас суретші, фотограф және шығармашылық мамандық иелерімен аралап, кемінде 40 бірегей өнер туындысын (суреттер, мүсіндер, инсталляциялар, фотожұмыстар және т.б.) әзірленіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланды.
Жоба өңірдегі туризм саласын дамыту, тұрғындар мен қонақтарға облыстың туристік нысандарын таныстыру және насихаттау, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруды мақсат етеді.
2025 жылдың наурыз айында басталған жоба қарашаға дейін жалғасады. Бүгінге дейін жастардан 100-ге жуық өтінім қабылданып, шығармашылық әлеуеті жоғары 30 қатысушы іріктелді. Олар Жылыой, Махамбет, Индер және Қызылқоға аудандарында өткен экспедицияға қатысты.
Экспедиция барысында қатысушыларға қолайлы шығармашылық орта қалыптастырылып, өңірдің тарихи, мәдени және табиғи көрікті жерлері кеңінен таныстырылды. Жобаның бейне және фотоконтенті әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда тұрақты жарияланып, ішкі туризмді дамытуға серпін берді.
Алдағы уақытта жоба жалғасын тауып, облыстың өзге нысандарын аралап, жергілікті тұрғындар мен жастардың қызығушылығын арттыру, туристік бағыттарды жаңарту және тұрақты контент өндіру бағытында жүйелі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.