Атырауда көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтуде

Бүгін өңірде Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Ұрпағым саған айтам...» республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтіп жатыр.

Қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінділерді жатқа оқып, көркемсөз оқу шеберліктерін көрсетуде. Байқау шарттары бойынша мәтін оқу уақыты 5 минуттан аспауы тиіс және фонограмма қолдануға жол берілмеді. Республиканың әр өңірінен бір үміткерден қатысып отыр, ал Атырау облысынан төрт қатысушы өнер көрсетуде.

Қазылар алқасына жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов төрағалық етуде.

Байқаудың мақсаты – Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын кеңінен насихаттап, жастарды адамгершілікке, ұлттық рух пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Шара Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай өтуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT