Атырауда киік көбейсе, шаруалар шығынға бата ма?

Қазақстанда киіктерді атуға салынған тыйым 2024 жылға дейін ұзартылғаны белгілі. Бұған еліміздің кей өңірлеріндегі шаруалар «егінімізді таптады» деп қарсылық танытуда. Ал, Атыраудағы ахуал қалай? Біз бұл сауалды ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевке қойған едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Расымен де, киік күрт көбейіп кетсе, жергілікті шаруалардың кәсібіне кедергі келтірмей ме?

– Киіктің киелі жануар екенін халқымыз ерте кезден біліп, оны орынсыз атпауға тырысқаны тарихтан белгілі. Ал экономикалық тұрғыдан алар болсақ, киіктер мемлекеттің көздің қарашығындай сақтап отырған алтын қоры десе де болады. Кеңес одағы кезінде де солай болды. Ертеректе мылтық болмаған кезде киікті тазымен аулап жүрді. Қақпан құрып та қолға түсірген. Бірақ, көп ауламаған. Айтқым келгені, қазір де мемлекет киіктің популяциясын нақты анықтап алуы керек. Содан кейін ғана оны белгіленген мөлшерде аулауға болатын шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, бұл мәселеде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» екі шұқып бір қараған дұрыс қой, - дейді атыраулық ғалым бізбен әңгімесінде.

Елімізде қабылданған шаралардың арқасында бүгінде киік саны 1,3 млн-ға жетті.  Әйтсе де, енді ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар  мен суаратын жерлер үшін бәсекелестік күшейді. Киіктердің егін таптау жағдайлары жиіледі. Ал, жалпы, олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды екен. Бір қызығы, киік бір орында тұрмайтын жануар екен. Яғни, бес-алты күн өткен соң жайылатын аумағын ауыстырып отырады.

– Үйір ішінде бір белсенді киік болады екен. Сол жаңа жайылым жер іздеп кетеді. Тауып алған соң үйірді сонда апарады. Киіктер бұрын да көбейіп кеткен кездер болды. Бірақ, шаруалардың ешқайсысы үкіметке шағым айтпады. Олар өз жерлерін өздері қорғады. Жерін қоршап, қарауыл қойды. Қазір де дәл солай жасау керек деп санаймын. Киік көп болған кеңес үкімет кезінде оны аңшылар белгіленген мөлшерде аулап, етін мемлекетке тапсырды. Барлығын емес, кәрілерін немесе әлсіздерін аулады.  Ол кезде базар деген атымен жоқ қой. Азық-түлікті адамдар кезекке тұрып алушы еді. Сондайда халық киіктің етінен қуырдақ жасап күн көрді, - дейді Қосыбек Салтанатұлы.

Айта кетейік, еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы мекендейді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT