Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен қала және аудан орталықтарындағы санитариялық ахуал, заңсыз карьерлер мен кездейсоқ қоқыс орындарын анықтау жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды саралау жиыны өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кеңесте Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Зарина Төребаева Махамбет және Мақат аудандары мен Доссор кентінде, сондай-ақ Бесікті ауылындағы әлеуметтік нысандарға жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын баяндады. Мониторинг барысында санитариялық талаптардың сақталмауы, қоқыс жинау жүйесінің әлсіздігі, инфрақұрылымдық және қауіпсіздік мәселелері анықталған. Әсіресе, қараусыз қалған ғимараттар мен балалар ойын алаңдарының техникалық жағдайы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етіп отырғаны айтылды.
Жиын барысында Атырау қаласы аумағындағы заңсыз карьерлер мен кездейсоқ қоқыс орындарын жою мәселесі де қаралды. Экология департаменті, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-қимылы нәтижесінде бірқатар заңсыз нысан анықталып, айыппұлдар салу, қалдықтарды жою және жерді қалпына келтіру шаралары қабылданғаны баяндалды. Мониторинг жұмыстарына цифрлық технологиялар, дрон арқылы әуеден бақылау тәсілдері қолданылған. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуы атап өтілді.
– «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы — бір реттік сенбілік емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі бағдарлама. Тазалық пен тәртіп тұрғындардың өмір салтына айналуы тиіс. Сондықтан заңсыз қоқыс орындары мен қараусыз қалған нысандарға «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстану қажет. Жауапты мекемелер нақты мерзімде кемшіліктерді ретке келтіріп, қоршаған ортаны қорғау бойынша жұмысты күшейтуі тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Жиын соңында жауапты органдарға инфрақұрылымды жаңғырту, санитариялық талаптарды қатаң сақтау, қоғамдық бақылауды күшейту және алдағы кезеңге арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу ұсынылды. Бұған қоса аймақ басшысының орынбасары барлық кемшілікті қысқа мерзім ішінде ретке келтіруді және облыстағы ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесе отырып қоршаған ортаны қорғау мәселелерін сапалы жүзеге асырып, уақытылы ақпараттандыруды тапсырды.