Атырау облысында 2026 жылы қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеуге бағытталған бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір өңірдегі бес ұйымның жобасы қаралған. Маңызды жоспарлардың қатарында «Фибратекс» ЖШС іске асырып жатқан қалдықтарды терең өңдеу негізіндегі полиэфирлі штапель талшығын өндіру жобасы бар. Оның аясында тәулігіне 20 тоннаға дейін қалдық өңдей алатын өндірістік желі іске қосылады.
Жобаның жалпы құны – 1 млрд 159 млн теңге. Кәсіпорын қаржыландырумен қамтамасыз етілген және оны осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылған соң жылына 7 мың тонна дайын өнім өндіріледі, сондай-ақ 67 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек биыл пластик поддондар өндіретін жобаны іске қосу көзделіп отыр.



