Атырау облысында электр желісін күшейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті.
Министрдің дерегіне сүйенсек, қазір «ҚР БЭЖ батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
«Атырау облысы мен Атырау қаласын электр энергиясымен жабдықтауды негізінен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ мен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің газ турбиналы электр стансасы жүзеге асырады. Биылғы жылдың 7 айында өңірде 4,268 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Жалпы облыстың ішкі тұтыну көлемі– 3,9 млрд кВт/сағ», -деді министр Болат Ақшолақов.
Қазір Атырау облысын алдағы жылыту маусымына сапалы және уақытылы дайындау мақсатында «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ 3 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегатына, 13,2 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 МВт болатын 220 кВт электр беру желісіне қосылған. Осы желіде жөндеу жүргізілген кезде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелері оқшауланған жұмыс режиміне көшеді. Бұл тұтынушылардың электрмен жабдықтау сенімділігіне теріс әсер етеді. Сол себептен, қазір аталған міндетті оң шешу үшін «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», -деп мәлім етті Энергетика министрі.
Аталған жобаның жұмысын 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.