Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Экология және қоғам: тұрақты дамудың негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған басқарма басшылығы, өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдері, экобелсенділер мен жас эковолонтёрлер қатысты,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қатысушылар экология саласында туындайтын өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары жөнінде пікір алмасты.
- Дөңгелек үстелдің мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам мен табиғаттың өзара байланысын талдау және тұрақты даму қағидаттарын өңірлік деңгейде жүзеге асыру жолдарын талқылау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Экология мәселесі – әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін ұлттық басымдықтардың бірі. Табиғатты қорғау – бүкіл қоғамның ортақ ісі» деп атап өткен болатын,- деді Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Зарина Төребаева.
Іс-шарада өңірдің жас эковолонтёрлерінің жетістіктері атап өтілді. Белсенді жастарға қалаішілік автобустарда тегін жүру карталары тапсырылып, бір еріктіге санаторийге жолдама берілді. Сондай-ақ экологиялық жобаларды аудан көлемінде табысты жүзеге асырып жүрген «Құрманғазы — туған жер» қоғамдық қорына 200 мың теңге грант табысталды.
- Жобадан ұтып алынған қаражатқа ауданымызда орналасқан жылыжайларымыздың қасына қарағай көшеттерін отырғызу жаспарда бар. Жылыжай ісімен 2021 жылдан бері айналысып жатырмыз. Осыған дейін «Jer Eco Hub» жобасы аясында күн панельдерін қондырдық,- деді «Құрманғазы — туған жер» ҚҚ төрағасы Азамат Абдуллаев.
Жиын соңында қатысушылар табиғатты қорғаудың тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте атап өтті.