Атырау облысында жастарды есірткі мен лудоманияның зиянды әсерінен қорғау мақсатында бірқатар кешенді шара қабылдануда. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева мен Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиева ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 5000-нан астам жас қамтылып, 70 шақты іс-шара өткізілген. Сондай-ақ «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысы құрылып, волонтерлар мен спортшылардың қатысуымен рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды.
– Есірткі мен ойынқұмарлыққа тәуелді жандарға көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін анонимді call-орталық іске қосылды. Қазірде орталыққа 51 қоңырау түсіп, 5 азаматқа нақты көмек көрсетілді. Сонымен қатар киберволонтерлер 40 сайтты анықтап, олардың 35-і бұғатталды, – деді ол.
Ал Марьяна Жанғалиева синтетикалық есірткінің интернет арқылы жасырын таралуы мектеп оқушыларына дейін әсер етіп жатқанын жеткізді. Соңғы үш жылда есірткі тасымалдаған ондаған жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
– Есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Бұл – жеңіл ақшаға құмартқан жастар үшін үлкен қауіп. Біз профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, зиянды сайттарды бұғаттау, граффити сілтемелерді жою және ақпараттық жұмыстарды белсенді жүргізіп келеміз, – деді ол.
Брифинг барысында полиция өкілі есірткіге қарсы заңнаманың қатайғанын, ал «дәріханалық нашақорлыққа» қатысты бақылаудың күшейтілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта облыста 300-ге жуық сайт пен 500-ге жуық банктік шот бұғатталып, заңсыз айналған 30 млн теңгенің жолы кесілді.
Жиын соңында спикерлер ата-аналар мен жастарды қауіпсіздікке бей-жай қарамауға шақырды.