Атырауда 150-ге жуық ұландық Әскери ант қабылдады

           Атырау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Ел қорғаны болуға бел буған 150-ге жуық жас ұландық Отанға адал қызмет етуге серт берді.
           Шараға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Бұл жолғы жас сарбаздар әскери бөлімге Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған. Салтанатты жиын Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалған сәттен басталды.
          Әскери ант қабылдау – әрбір жауынгердің өміріндегі маңызды әрі жауапты кезең. Бұл – Отан алдындағы перзенттік парызды сезіну, әскери қызметтің мән-маңызын терең ұғыну сәті. Ант қабылдаған сарбаздар енді ел тыныштығын күзету жолында қызмет атқармақ.
        Солардың бірі – қатардағы сарбаз Ердәулет Ниязов.
     – Әскери ант қабылдау – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сәтті өмір бойы ұмытпаймын. Ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы деп білемін. Біз әскери ант қабылдағанға дейін әскери өмірдің қыр-сырымен таныстық. Енді, міне, Отанға адал болуға серт бердік. Енді осы сертімізге берік болып, өзімізге қойылған жауынгерлік қызметті жоғары деңгейде атқарамыз, – деді жас сарбаз.      
        Салтанатты рәсімге Ақтөбе облысынан арнайы келген сарбаздардың ата-аналары да қатысты. Қатардағы жауынгер Нұрлан Сансызбаевтың анасы Калиева Сабина өз толқынысын жасыра алмады:
       – Баламның Отан алдында ант қабылдап тұрғанын көру – әр ана үшін үлкен мақтаныш. Ұлымның ер-азамат болып, тәртіп пен жауапкершілікті меңгеріп жатқанына қуаныштымын. Барлық сарбаздарға қызметтерін жақсы атқарып, аман-есен елге оралуын тілеймін, – деді ол.
         Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы жас сарбаздарды маңызды күнмен құттықтап, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
 
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT