Атырау қаласы, Еркінқала ауылынан 850 орындық мешіт пайдалануға 14 қазанда берілді.
Қайтпай Сұлтан деп аталған мешіт жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынған. Құрылыс жұмыстары 1 жыл 8 айға созылған мешітте ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары, дәрісханалар бар. Сондай-ақ, мешіт жанынан асхана, имам үйі де пайдалануға берілді. Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров Атырау облысы бойынша 42-ші болып ашылып отырған ерекше дизайнмен салынған мешіттің іші жамағатқа толы болып, еліміздің игілігіне қызмет етер азаматтардың ортақ үйі болуына тілек білдірді.
Еске сала кетейік, Қайтпай сұлтан атамыз – қазаққа ортақ нар тұлға. Толық ныспысы (аты-жөні) әл-Әшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай. 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілді. Қыпшақтың шеркеш руынан шықты. Қайтпай сұлтан Мысыр мен Шамның (Сирия) мәмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468-1496 жылдар) болған.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ