Атырау облысында туберкулезге шалдығу деңгейі 15,5%-ға төмендеді

Биыл жыл басынан бері 198 науқас тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы пайызы 27,8-ді құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5%-ға төмен, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Салыстырмалы түрде 2024 жылы облыста туберкулезбен сырқаттану 2020 жылмен салыстырғанда 28,6%-ға азайды. Ал 2020 жылы 413 адам тіркелсе (көрсеткіш – 62,3), 2024 жылы барлығы 315 науқас анықталды (көрсеткіш – 44,5).

Туберкулездің басым бөлігі – өкпе туберкулезі, оның үлесі барлық жағдайлардың 85,8%-ын құрайды. Бұл түрі ең қауіпті, себебі жұқпалы және эпидемиологиялық тұрғыда жоғары қауіп төндіреді.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте анықтау мақсатында аймақта кешенді профилактикалық және медициналық жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Балалар мен жасөспірімдер Манту және Диаскинтест сынамасынан, ал 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен ересектер флюорографиялық тексерістен өтеді.

Балалар арасында туберкулездің алдын алу шараларының бірі – БЦЖ вакцинасы. Вакцинация туғаннан кейінгі алғашқы 2–4 тәулікте тегін жүргізіледі және балаларды туберкулездің ауыр түрлерінен қорғайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакцина алмаған балалар арасында туберкулезге шалдығу деңгейі егілгендерге қарағанда 6 есе жоғары.

Мамандар туберкулезбен күрестегі оң нәтижелер халықтың профилактикалық шараларға белсенді қатысуы мен вакцинацияның маңыздылығын түсінуімен байланысты екенін атап өтті. Атырау облысында туберкулезге шалдығу деңгейі 15,5%-ға төмендеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT