Атырау облысында мектепке дейінгі білім беру саласында бақылау күшейтілмек

Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы Исатай ауданындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік аудит жүргізді. Бұл туралы Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрсұлтан Бисембиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

    — Жалпы 12 бөбекжай-бақша қамтылып, 4 млрд теңгеден астам қаржыға аудит жүргізілді. Нәтижесінде 130 млн-ға жуық теңге көлеміндегі қаржыбұзушылықтар мен рәсімдік сипаттағы 116 кемшілік анықталды. Артық төленген еңбекақы, негізсіз іссапар шығындары мен орындалмаған қызметтерге бюджет қаражаты жұмсалған фактілер тіркелді, — деді Н.Бисембиев.

Оның айтуынша, бірқатар бөбекжай-бақшада штаттық кестеде артық бірліктер енгізілген, міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жарналары кешіктірілген. Кей жағдайларда бухгалтерлер өздерінің жақын туыстарымен мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын рәсімдеген.

Сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықталу толық қамтамасыз етілмей, медициналық үй-жайларды жабдықтау талаптары да сақталмаған болып шықты. Мемлекеттік сатып алуда жосықсыз өнім берушілерге қатысты сотқа талап арыздар берілмеген жағдайлар да кездескен. 

Аудит қорытындысымен берілген материалдар Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Нәтижесінде бөбекжай-бақша басшылары мен бухгалтерлеріне қатысты әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 6,9 млн теңге айыппұл өндірілген.

Спикердің айтуынша, алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беру саласында қаржылық бақылауды күшейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадр саясатын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылданбақ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT