1 шілдеден бастап Атырау облысында бекітілген аңшылық алқаптарда жазғы, күзгі және қысқы аңшылық маусымы ашылды. Осы кезеңде әуесқой мақсатта аң-құстарды аулауға рұқсат берілді. Бұл жөнінде Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Айберген Маратұлы хабарлады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аңшылық Атырау облыстық Аңшылар мен балық аулаушылар қоғамына қарасты Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарындағы аңшылық алқаптарда және «Astau LLP» ЖШС-на бекітілген Қызылқоға ауданындағы алқапта жүргізіледі.
- Шалшықшыны аулауға 2025 жылғы 1 шілдеден 30 қарашаға дейін рұқсат етіледі. Кептерді 20 тамыз бен 30 қараша аралығында аулауға болады. Жаннат тәрізді итті аулау маусымы 2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 15 ақпанға дейін жалғасады. Түлкі мен қоянды аулау 1 қарашада басталып, тиісінше 2026 жылғы 15 ақпанға және 31 қаңтарға дейін жүргізіледі. Жабайы шошқаны 6 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында, ал борсықты 1 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат берілген, - деді А. Маратұлы.
Су құстары — үйрек, қаз, қасқалдақты 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат етіледі. Шілге аңшылық маусымы 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін белгіленген. Аңшылық тек арнайы рұқсатнама мен жолдама арқылы жүзеге асырылады. Бұл маусымда аң аулау тек тіркелген аңшылық шаруашылықтары шеңберінде жүргізілуі тиіс.
Осы аңшылық аумақтардан тыс жерлерде, соның ішінде қорықтар мен резерваттарда аңшылық жасауға қатаң тыйым салынады. Аңшылық кезінде жануарлар дүниесін сақтау, олардың өсімін молайту және тиімді пайдалану талаптарын қатаң сақтау — міндет.