Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева мәлімдеді.
Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – салық рәсімдерін жеңілдету және азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Жүйе қаржылық тәуекелі жоғары топтарды бақылауға да бағытталып отыр.
Еске салсақ, жалпыға бірдей декларациялау жүйесі Қазақстанда 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары қамтылса, екінші кезеңде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, ал үшіншісінде заңды тұлғалардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер есеп берді.
— Төртінші кезең биылдан бастап енгізілді. Бұрынғы жоспарға сәйкес ол барлық азаматты қамтуы тиіс болатын. Алайда Мемлекет басшысы қол қойған өзгерістерге сәйкес халықтың басым бөлігі бұл міндеттен босатылды. Төртінші кезең бойынша декларацияны шетелде мүлкі бар ҚР азаматтары мен резиденттері; жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
цифрлық активтері бар ҚР азаматтары, ҚР резиденттері; сайланбалы немесе мемлекеттік лауазымға және оларға теңестірілген кандидаттар; банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетін жеке тұлғалар тапсырады.
Биыл жоспар бойынша облыста 3 мыңнан астам адамның кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруы көзделген, - деді Н.Орынбаева.
Декларацияда жылжымайтын және жылжымалы мүлік, банктік шоттардағы қаражат, бағалы қағаздар, цифрлық активтер мен өзге де мүліктер көрсетілуі тиіс. Құжатты 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін «Электрондық үкімет» порталы, e-SalyqAzamat қосымшасы және банк қосымшалары арқылы немесе қағаз нұсқада тапсыруға болады.
Декларацияны алғаш тапсырмаған азаматтарға ескерту беріледі. Ал қайталап бұзған жағдайда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.