Индер ауданында шағын кәсіпкерлік күннен-күнге даму үстінде. Соның жарқын мысалы — «Tatti Cakes» кондитерлік цехі. Жұмысын тек торт пісіруден бастаған шағын өндіріс бүгінде аудан халқы үшін танымал брендке айналды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қазір цехта 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын күніне 350-400 данаға дейін нан өнімдерін дайындап, түрлі тәтті бәліш пен торттар, өзге де кондитерлік өнімдерді ұсынады.
⁃ Кәсіптің кеңеюімен қатар екінші сату нүктеміз ашылды. Онда ұн өнімдерінен бөлек тағамдар мен сусындар сатылатын шағын кофеханамыз жұмыс істейді. Бұл жер жастар мен тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналып келеді, - деді «Tatti Cakes» цехінің әкімшісі Динара Төретаева.
Айта кетейік, «Tatti Cakes» өз кәсіптерімен айналысып қана қоймай, ауданның әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып келеді.