Атырау мұнай өңдеу зауытында экобелсенділердің, мемлекеттік органдар, БАҚ және қоғам өкілдерінің қатысуымен Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған ашық есік күні өтті. Күн тәртібіндегі басты сұрақ АМӨЗ-дің табиғатты қорғау қызметінің нәтижелері мен болашақ жобалары болды.
Алдымен қонақтар каталитикалық риформинг қондырғысының мұржасында қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) іске қосу барысымен танысты. МАЖ жүйесін енгізу — экологиялық заңнама талаптарының бірі. Экологиялық бақылау құрылғылары мұнай коксын қыздыру мен параксилол өндіру қондырғыларының, сондай-ақ жылу және электр энергиясы өндірісінің түтін мұржаларына да орнатылған. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардың түтін газдарындағы ластаушы заттардың құрамын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Ұлттық информациялық технологиялар» АҚ мамандарымен бірлесіп экологиялық көрсеткіштерді ақпараттық жүйеге жіберу жұмыстары реттелуде. Бақылау құралдарын тамыз айының соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Бұдан кейін шараға қатысушлар механикалық тазарту қондырғыларына барып, ағынды суларды тазарту жұмысымен танысты. Ағымдағы жылдың мамыр айында Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасы аяқталып, кешен толық қуатына шыққан болатын. Қазіргі таңда тазарту жүйесінің қуаты сағатына 1 000 текше метрге жетті. Мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 000 текше метрді құрайды.
Әрі қарай қоғамдық экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев компания алдағы уақытта да ауқымды экологиялық жобаларды іске асыратынын айтты. Жиынға қатысушыларға зауыттың қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар туралы түсіндірілді. Мәселен, су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында АМӨЗ-де ағынды суларды тазарту және үстерлеме су дайындау кешенді қондырғысын салу жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру Жайық өзенінен су алу көлемін 50%-ға дейін азайтуға, ағынды суларды қайта пайдаланып, оларды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сұрақ-жауап сессиясы кезінде зауыттан шығатын ағынды суларды Атырау қаласының кәріздік тазарту стансасына жіберу, зауыттың санитарлық-қорғау аймағын кеңейту және т.б мәселелер сөз болды.
Отырыс соңында Ғалымжан Жусанбаев жиналғандарға белсенді азаматтық позициялары үшін алғыс айтып, қаладағы экологиялық мәселелерді шешу жұмыстарының бірлесіп атқарылатындығына сенім білдірді.