Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қауіпсіздік шаралары жоспарын жүзеге асыру аясында Мұнайды қайта өңдеу және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру (МҚӨ және МӨТК) өндірісінің бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысында (БДГ ҚҚ) LOTO (Lockout/Tagout) – энергия көздерін оқшаулау жүйесі енгізілді.
Жүйе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде технологиялық түйіндерді (ілмекті арматура, дренаждық жүйелер, электр ажыратқыштары және т.б.) бұғаттап, ескерту белгілерін қою арқылы персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Энергия көздерін оқшаулау процесі тростық бұғаттау құрылғылары, шұралар, электравтоматтар, іске қосу түймелері мен қосқыштарды бұғаттауыштар, сондай-ақ көбейткіш ысырма секілді арнайы құрылғыларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Зауыттың қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің мамандары ұйымдастырған оқыту барысында БДГ ҚҚ технологиялық қондырғысының өндірістік персоналына жөндеу және техникалық қызмет көрсету кезінде LOTO жүйесін қолдану арқылы қауіпсіз жұмыс жасау ережелері түсіндірілді.
Бұл жүйені пайдалану процестерді басқару арқылы жабдықтың кездейсоқ іске қосылуын болдырмауға мүмкіндік береді, өндірістік жарақаттар тәуекелдері мен потенциалды қауіпті жағдайларды азайтуға көмектеседі, сонымен қатар жасалып жатқан жұмыстардың қауіпсіздігін бақылау деңгейін арттырады.