Асыл мұрат алға жетелейді

Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлар бойы аңсап күткен асыл мұраты, асқақ арманы. Міне, биыл еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына қонғанына 32 жыл толғалы отыр. Осынау аз ғана жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, Орта Азия мемлекеттері арасында көшбасшы елге айналды.

Тіпті қазақ елінің қазіргі даму бағытына, оның орасан зор байлығына алыс шет елдер де ерекше көз тігіп, миллиардтап инвестиция құюға ниет білдіруде. Кейінгі төрт жылда елімізде жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы үрдіс кең қанат жайып келеді. Экономикада, әлеуметтік салада, мәдениетте оң өзгерістер, ізгі қадамдар байқала бастады.

Республикамыздың батысында қоныс тепкен Атырау өңірі – ел бюджетінің бестен бір бөлігін құрайтын донор облыс болып табылады. Облыс басқа саланы айтпағанда тек мұнай өндіруде жыл сайын елеулі табыстарға қол жеткізіп, ел игілігін еселеп арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Жақын болашақта облыста «қара алтын» өндіру көлемін жыл сайын 12 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отырғаны бұған айқын дәлел болғандай. Өңірде жер қойнауы мұнайға қаншалықты толы болса, жайлауында мыңғырған мал, егіс алқабында жайқалып өскен алуан түрлі дақылдар дүйім жұртты таңқалдырарлық дерсің.

Тәуелсіздік жылдарында ел дамуы қай салада да өрге басты, экономикамыз ілгерілеп, халқымыздың әл-ауқат дәрежесі жақсара түсті. Соңғы жылдары өндіріспен қатар әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақылары еселеп артып, халыққа қамқорлық деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда жақсаруда. Өркенді өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдары саласында да көріне бастады. Облыста 2 облыстық, 7 аудандық газеттердің материалдық базасы жақсарып, аталмыш басылымдар күн құрғатпай оқырмандармен жүздесіп отыратын болды. Осы үнқағаздардың бел ортасында жүретін байырғы басылым -  «Жайық шұғыласы» газеті өңірдегі әр оқырманның сырласына айналып отырғаны бек қуанышты. Өзімнің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы еңбек жолымның он бес жылын осы басылымның шаңырағында өткізгендіктен маған бұл газет ерекше ыстық.

Тағы бір ерекше айтар жағдай БАҚ саласында жұмыс жасайтын журналистерге деген қоғамның да, қоршаған ортаның да көзқарасы өзгерді. Қалам ұстаған тұлғаларға үлкен сенім білдіріліп, ілтипат пен құрмет арта түсті. Алдағы жылдарда «төртінші биліктің» жанашырлары – журналистерге де қамқорлық деңгейі жақсара түсер деген ой бар.

«Қазақстан - біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегсі кең, төрт құбыласы түгел болуы - өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұланғайыр жерді қорғау, оны өркендету - біздің перзенттік парызымыз» деп атап көрсеткен еді. Президентіміз Қ.К.Тоқаев осы жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында. Ендеше, тәуелсіз елімізді өркендетуге еселеп үлес қосу әрқайсысымыздың борышымыз екені даусыз. Соңғы жылдары Президент, Парламент, үкімет халыққа жақындай түсті. Билік халық үнімен санасатын болды, бұқараның ұсыныс, тілектері шынайы ескеріліп, оны орындау жолында батыл қадамдар жасалуда. Халық пен биліктің арасындағы байланыс нығайып, бұқара мұң-мұқтажын бүкпесіз жеткізетін ахуал қалыптасуда.

Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, алар асуы биік, мақсаты айқын. Таяудағы 10-15 жылда еліміз асқар асуларды бағындырып, ТМД елдері сапында озық көрінетініне еш күмән жоқ.

Асыл мұрат бізді биік белестерге жетелей бермек.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

журналистика қайраткері 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT