Биыл еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына отау тіккеніне отыз жыл толып отыр.
1991 жылдың 16 желтоқсанында сүйінші хабарды естіген жұрттың бірі қалмай сыртқа шығып, бірін-бірі қуана құттықтап, бөркін аспанға атқаны есімізде. Қаһарлы қыстың қытымыр аязды күні болса да, ел ішін шаттық кернеген, ұлттық рух аспанға өрлеген, ұмытылмас, ғажайып, тарихи күн болған еді. Дәл сол күні бодандықтың бұғауын бұзған Қазақ елі өзінің жаңа даму жолындағы алғашқы қадамын жасады. Дәл сол күні Қазақстан тарихының жаңа парағы ашылып, жаңа дәуірі басталды. Сөйтіп ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап, армандаған қастерлі арманына қолымыз жетті.
Елімізді бұл асыл арманға жеткізген көшбасшымыз – Елбасымыз. Атам қазақта «Басқа қонар бақ ерекше талғампаз болады» деген сөз бар. Ол екінің біріне емес, таңдаулы адамның басына ғана қонады екен. Сан ғасырлық тарихында талай нәубетті бастан кешіп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қалауымен билік тізгінін ұстап, бүкіл мемлекеттік, қоғамдық құрылысты қайта қалыптастырып, қиындық атаулыны көппен бірге бағындырып, талай жетістікке жетіп, бұрынғы Одақ кеңістігінде көшбасшы елдердің біріне айналдыру міндеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырған екен. Оның осындай өтпелі, өткелекті кезеңде туған елі үшін аянбай еңбек еткен, халқының бағына біткен қайраткер екеніне ешкімнің де күмәні болмауға тиіс.
Алғашқы кезде алға қойған маңызды мақсатымыз – елдің ішкі бірлігін бекемдеп, ынтымағын сақтай отырып, Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды, Әнұранымызды сайлап алып, басты заңымыз – Конституциямызды бекіту еді. Бүкілхалықтық референдум арқылы біз бұл міндетті ойдағыдай атқара алдық. Тұтас ел болып жасаған алғашқы қадамдарымыздың арқасында зеңгір көгімізде еркіндігіміздің белгісіндей Көк байрағымыз желбіреп, әуенімен түгел жұртты ұйытқан Әнұранымыз шарықтап тұрды. Осының өзі халқымыздың рухын бір серпілтіп, азаматтарымызға өздерінің азат елдің айбынды ұландары екенін сезіндіріп, болашақ жолындағы жасампаз еңбекке ынталандыра түсті.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында халқымыздың құрамы көпұлтты еді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі депортацияға, тың жерлерді игеруге байланысты объективті себептері де болды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабында жазылған: «Шамалғанда алуан түрлі ұлт пен ұлыстың басы түйіскен еді... жер аударылған балқарлар, чешендер, немістер, месхет түріктері, қарашайлар, курдтар. Солардың бәріне қазақтар үйінен ығысып орын тауып, баспана берді. Біздің үйдің бір қанатында балқарлар тұрған еді», деген жолдарға тоқтала кеткім келеді. Осындай кең пейіліне, қонақжай көңіліне орай кең-байтақ жер бұйырған Қазақ елінің келешегін көре алмаған кейбір сәуегейлер сол тұста «Қазақстан көп ұзамай ұлтаралық ұрыс майданына айналады» деп болжам жасап жатты. Бірақ Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ішкі қырқысқа, қан төгуге жол берілген жоқ. Ұлтаралық қатынастар саласында басқа елдерде баламасы жоқ бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, түрлі диаспора өкілдерін ортақ Отанымыздың игілігі үшін ынтымақты жұмысқа жұмылдыра білді. Әрбір этностың тілі мен дәстүрін, мәдениетін дамытуға жағдай жасалды, діни бостандығына кепілдік берілді. Олар топтасып тұратын мекендерде ұлт тілінде оқытатын мектептер, кей жерлерде жексенбілік мектептер ашылды. Ұлттық орталықтар құрылды. Қазақстандық қоғамдық келісім мен патриотизмнің өзгеше үлгісі қалыптасты. Ішкі бірлігіміз бен татулығымыз нығая түсті.
Елдігімізді нығайту жолындағы ендігі бір маңызды міндет – жұртымыздың іргесін нықтап, бекітіп алу еді. Елбасымыз мемлекеттік шекараны делимитациялау, демаркациялау бойынша көрші елдердің барлығымен бірнеше жыл бойы байыпты келіссөздер жүргізді. Бұл жолы да ол жер тағдыры сынға түскен сәтте алпауыт елдермен тереземізді тең ұстап, мемлекетіміздің мүддесін қатаң сақтап, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр аумағымыздың шекарасын шегендеп, өзінің жан-жақты жетілген, білімі терең, дана саясаткер екенін тағы да бір рет байқатты. Халқымыз үшін қасиетті ұғым саналатын, талай ұрпақ қанын төгіп қорғаған туған жеріміздің бір телімі де жат қолында кеткен жоқ. Соның нәтижесінде қазір Қазақстан – ешбір елмен жер дауы жоқ, аумағы халықаралық құжаттар негізінде біржолата бекітілген мемлекет болып саналады.
Осының бәрі Кеңес Одағы ыдыраған кезден басталған терең экономикалық дағдарысты еңсеріп, ұлттық қаржы, салық, банк жүйесін құрып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы тынымсыз жұмыс жағдайында жүріп жатты. «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидатының аясында іске асырылған реформалардың арқасында еліміз серпінді даму үстіндегі, нарықтық қатынастары толық қалыптасқан республикаға айналды. Елбасымыздың Жарлығымен Ұлттық қор, даму институттары құрылды. Сырттан инвестиция тартудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың құқықтық негіздері жасалды. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, тауарлар мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу нарығын кеңейту үшін интеграциялық жобаларға бастама жасаған Елбасымыз 2014 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың басты авторы болды. Әлемдік дағдарыстар тізбегі басылмай тұрған кезде жеке елден гөрі ірі мемлекетаралық құрылымның аз зиян шегетіні белгілі. Оны бүгінгі күннің шындығы дәлелдеп отыр.
Келешек білім экономикасының, білікті кадрлардың қолында екенін анық аңғарған Елбасымыз сонау 1993 жылдың өзінде халықаралық «Болашақ» стипендиясын бекітіп, жас түлектерімізді мемлекет есебінен шетелдік жетекші оқу орындарына білім алуға аттандырды. Осы жылдар ішінде отандық білім беру жүйесінің оңтайлы нұсқасын табу үшін халықаралық озық практика негізінде терең ізденістер жасалып, іргелі өзгерістер жүзеге асырылды. Еліміздегі жоғары, орта білімнің флагманы саналатын «Назарбаев Университет», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» өздерінің үздік тәжірибесін өзге оқу орындарына таратуда. Қазақстандық оқушылар халықаралық сайыстарда топ жарып жүр.
Сонымен қатар еліміздің әлемдегі алып құрлық – Еуразияның кіндігінде орналасқан географиялық жағдайы ұтымды пайдаланылып, транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында аса ірі инфрақұрылымдық, логистикалық жобалар қолға алынды. Қысқа уақыт ішінде іске қосылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі қазіргі таңда Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған әйгілі Ұлы Жібек жолының рөлін атқаруда. Бұған қоса, еліміздің төрт тарапын бір-бірімен байланыстырып, жолаушы, жүк тасымалының тиімділігін арттырып, шығынын азайтқан түрлі авто және темір жолдар салынды. Әуе, кеме қатынасының көкжиегі де кеңейтілді. Еліміздің стратегиялық даму жоспарларында транзиттік, логистикалық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер белгіленген.
Сайын Сарыарқаның төрінде тәуелсіздігіміздің айшықты айғағы іспетті әсем елордамыздың бой көтеруі – біздің ауыз толтырып айтатын тамаша жетістіктеріміздің бірі. Ол жөнінде Елбасы: «Бұл – менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда», деген еді. Өтпелі кезең қиындықтары қысып, елдің болашағы бұлыңғыр тартқан тұста көрегендік танытып, осындай тарихи шешім қабылдаған және оны жүзеге асыруға тікелей бас болып, барынша қайрат көрсеткен Елбасымыз қандай марапатқа да, қошеметке де лайықты.
Елорда еліміздің бас қаласы атанған кезден бастап ерекше қарқынмен дамып, 1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» атағын алды. Осында дауласқан жұрттарды бітістіріп, тартысқан тараптарды табыстырған, ынтымақ пен бітімгершілікке бастаған талай халықаралық іс-шаралар өтті. Соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді 11 жылдан соң бір үстел басына жинаған Астана саммиті мен Сирия мәселесін шешуде маңызды рөл атқарған Астана процесін ерекше бөліп айтуға болады. Соның бәрінің бел ортасында өзінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларымен бүкіл әлімге белгілі болған, ынтымақтастықтың, қауіпсіздіктің, дамудың басты жақтаушысы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүрді. Мемлекетіміздің тарихынан сыр шертетін осы бірер фактілердің өзі еліміздің тәуелсіздігі мен Елбасымыздың есімі бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын, өзара байланысты ұғымдар екенін көрсетеді.
Жалпы, тәуелсіздік – халқымыз үшін баға жетпес байлық, ең қасиетті бойтұмар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт», деп атап көрсетті. Сондықтан да ұлттық тәуелсіздігімізді барынша бағалап, барынша ардақ тұтуымыз қажет. Әлемнің түкпір-түкпірінен дүркін-дүркін бұрқ ете қалатын соғыс жанжалдары жағдайында біз бейбіт аспан астында ішкі ынтымағымыз жарасып, ауызбіршілікпен өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік айтқанымыз жөн.
Отыз жыл – тарихи тұрғыдан алғанда тым қысқа мерзім. Біздің еліміз осы кезең ішінде басқа мемлекеттер жүз жылдан астам уақыт жұмсаған іргелі өзгерістерді жүзеге асырып, өзінің бейбітшіл ұстанымын, түрлі салада қол жеткізген жетістіктерін бүкіл әлемге танытып, мойындата білді. Халықаралық саясаттың белді де белсенді субъектісіне айналды.
1920 жылы сол заманның белгілі дінтанушысы болған Файзолла қари:
«Ей, қазағым, кештің
ғұмыр күрделі,
Сендей болсын – болса
бір ұлт зерделі!
Құрбандығың болар
едім жолыңа,
Ел болсаң сен –
өз алдыңа іргелі!»,
деп жазған екен. Қари бабамыз армандаған Тәуелсіздікті көру, оны баянды ету жолында қызмет ету сіз бен біздің пешенемізге жазылған екен. Осы бақытымызды бағалап, оны баянды ету жолында Күлтегін бабамыз айтқандай, «күндіз отырмай», елге қызмет ету – қасиетті борышымыз.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссияның мүшесі,
заң ғылымдарының докторы,
профессор