Қазақстанда үгіт-насихат кезеңі басталды.
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың Республикалық штабының ресми ашылуы өтті. Республикалық штабқа бейнебайланыс арқылы аймақтық бөлімшелер қосылды. Кездесу барысында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мәселелері, алдағы жоспарлар, сондай-ақ кандидаттың сайлауалды бағдарламасы талқыланды. Шараға журналистер мен қоғамдық пікір көшбасшылары да қатысты. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясында штаб қызметкерлері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы семинар өткізген. Еске салайық, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы бұған дейін Салтанат Тұрсынбекованы кезектен тыс сайлауда президенттікке кандидат ретінде тіркеген болатын.
Ол «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған. Салтанат Тұрсынбекова туралы қысқаша ақпарат Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы, қоғам қайраткері, құқық қорғаушы. 2000 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Жоғарғы Сотында және Бас прокуратурасында жұмыс істеді, оның 10 жылдан астамында басшылық қызметтерді атқарды. 2012-2015 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық, құқықтық тәртіп мәселелерін зерттеу және кадрлардың біліктілігін арттыру институтын басқарды.
Салтанат Пархатқызының тікелей қатысуымен Құқық қорғау органдарының кадрлық саясатын дамыту тұжырымдамасының жобасы жасалды. Прокуратурадағы кадрлық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. 2017 жылдың сәуір айында Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сынақтан өткен Бас прокуратураның «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» ауқымды әлеуметтік жобасын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық топты басқарды. Осының нәтижесінде, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң жобалары дайындалды. Бастама нәтижесінде Шымкент қаласы әкімдігінің отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі дербес бөлімі құрылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзететін медициналық психокоррекциялық орталықтары ашылды.
Сонымен қатар, еліміздің Оңтүстік облыстарында жанұяны қолдау бойынша қызметтер іске қосылды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын БҰҰ-ның Қазақстандағы агенттіктері зорлық-зомбылықпен күресудің тиімді ұлттық стратегияларының бірі ретінде таныды. Салтанат Тұрсынбекова мемлекеттік қызметтегі жұмысын аяқтағаннан кейін әйелдердің құқықтарын қорғауды естен шығарған емес, мұны ол өзінің халық алдындағы борышы деп біледі. Қазірдің өзінде ол, өзін-өзі қорғаймын деп темірторға қамалған қыз-келіншектердің өмірге бейімделуіне қол ұшын созып келеді.