Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.
Махамбет ауданында «J-Life – 2024» жазғы лагері өтті. Аудан әкімінің қолдауымен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен екі күндік шараға 70-ке жуық жас қатысты. Осымен екінші мәрте өткізілген шараның басты мақсаты – аудан мен қала жастарының өзара байланысын нығайту. Рухани да белсенді жастар ортасын қалыптастыру. Жастар лагерінің алғашқы күні қатысушылар арнайы тренингке қатысып, түрлі жобаларды қорғап, қызықты сергіту сәтінен өтті. Бизнес-тренер Бағлан Маратұлы шараның көңілді де танымды өтуіне үлкен үлес қосты.
– Жоба аясында біздер ең алдымен Махамбет ауданындағы тарихи маңызы бар жерлермен таныстық. Сонымен қатар осы жоба арқылы өзімізге жаңа рухани орта таба білдік. Осындай жобалар жалғасын тауып, жаңа жобалар да жүзеге асады деген сенімдеміз. Барша ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін,-дейді «Самал» мәдениет үйінің режиссері Жайнар Ардаққызы.
Белсенді жастар жазғы лагерьдің екінші күні «Мобилография» саласы бойынша шеберлік сағатынан өтті. Шеберлік сағатты өз саласының үздігі Сағыныш Шәкір жүргізді. Қатысушылар тарапынан мобилографияға қызығушылық оянып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға тырысып бақты. Тапсырма бойынша жастар «Сарайшық» тарихи- мәдени музейіндегі экскурсияны таспалап, желіге жүктеу керек болды. Осы орайда бір топ жас «Сапар» орталығына аттанып, тарихи жәдігерлермен, археологиялық қазба жүмыстарының барысымен танысты.
– Лагерьдің бірінші күні жоғары деңгейде өтті. Бағлан ағайдың тренингінен біз көп дүниені ала білдік. Сол жерге келген жастармен етене жақын араласып, танысып, дос болып та үлгердік. Ойын ойнап, ойымызға идеяларымызбен бөлісіп, жаңа орта таптым десем де болады. Ал екінші күні тарихи мекен, көне шаһар Сарайшыққа келдік. Бізге Сапар орталығын таныстырды. Екінші мәрте келсем де, бұл жердегі өзгерістерге таңданыспен қараймын. Керемет мереке сыйлаған Жастар ресурстық орталығының ұжымына алғыс айтамын,- дейді 11-сынып оқушысы Дильназ Амангелді.
Екі күнге созылған шара соңы гала-концертке ұласты. Мерекелік шарада бірқатар белсенді жас аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қызылқоға аудандық жастар ресуртық орталығына арнайы диплом табысталды. Аудан өнерпаздарынан бөлек кеш қонағы, танымал әзілкеш Шыңғыс Рахмашев өзінің авторлық әндерін орындап, жиналған қауымды бір серпілтті.
– Аудан жастарын, әріптестеріміздің басын қосып, екі күндік «Жастар-Фест» форуымын өткіздік. Бүгін, міне, қорытынды гала-концертті ұйымдастырудамыз. Аудан жастары қай салад болмасын алдыңғы қатарда жүреді. Барша әріптестерді, жастарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын,- дейді аудандық жастар ресуртық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев.
Айта кетейік, жастар ресурстық орталығы биыл тың жобаларды жүзеге асыруда. Солардың қатарында «Оттегі» волонтерлер тобы «Мектепке жол», «Ардагерлерді ардақтайық!» секілді 8 бағыт бойынша түрлі игілікті істі қолға алып, жүзеге асыруда.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ