Осыдан 30 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданған болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісті күніне орай Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеген ардагерлерді ұлықтау, құрметтеу мақсатында «Қасіретті күннің естелігі» атты кездесу кеші өтті.
Махамбет аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен кешке шақырылған 1976- 1978 жылдары әскери борышын өткерген Серік Сарсенғалиев өзінің естеліктерімен бөлісе келе, Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектің әлі де мардымсыз екендігін, жеңілдіктер қарастырылмағандығын тілге тиек етті. Аудандағы белді білім ошақтарының бірі – Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің бір бұрышына Семей полигоны аумағында әскери борышын өтегендердің суреттері, өмірбаяндары бейнеленген стендті ілуге ғана мүмкіндік алған.
Қазақ даласының 300 мың шақырым жері ядролық жарылыстан уланып, 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Түрлі сыртқатқа шалдығып, толық айыға алмай жүрген азаматтар арамызда әлі де бар. Ядролық жарылыстың нағыз қызған шағында Семейде әскери міндетін өтеуге махамбеттіктер де барған-ды. 1976-1978 жылдары Серік Құрмашев, Марат Есениязов, Қабдол Түгелбаев, Жолдасқали Ізбасаров, Василий Юн, ал 1982-1985 жылдары Бекболат Қартқожақов және өзге де жерлестеріміз радиациялық қауіпті аймақта әскери қызметте болды.
Халқымызға қайғы мен қасірет әкелген ажал аждаһасының зардаптары жүректерден өшкен жоқ. Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен екен. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған адам дертке ұшырап, бақилық болды. Оның зардаптары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
1949 жылдан ядролық қырғынның адамзатқа әкелер алапатын бастарынан толығымен өткізген қазақ халқына, оның Тұңғыш Президентіне бұл қарудың зиянынан басқа ешқандай да қажеттігі жоқ еді. Өйткені ХХ ғасырдың сексенінші жылдарына дейін республикамыздың территориясы аталған қарудың, оны нысанаға жеткізетін зымырандарының, стратегиялық мақсаттағы бомбалаушы ұшақтарының орналасу, жаттығу, сынау алаңдарына толтырылып болған еді. Осылармен қатар Қазақстанның өнеркәсібінің негізгі саласы – уран өндіру, ядролық қару дайындауға қажетті жабдықтар дайындауға бағытталған болатын. Қазақстанда қарапайым халық білуге тиісті емес жасырын қалалар мен өндіріс орындары пайда болып, молая түскен еді. Осындай жағдайдағы республиканың табиғатына, халық денсаулығына тигізе бастаған зиянның көлемі өлшеусіз артып, оны бүркемелеудің өзі мүмкін еместікке айналды. Ядролық қару шығару, оны жетілдіріп, сынақтан өткізуден әлем мемлекеттерінің алдына шығуға ұмтылған Совет Одағының одан ары өмір сүре беруі оның құрамындағы Қазақстанның ел ретіндегі болашағына балта шапқандай еді.
Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе- бет келу арқылы сол кездегі жап-жас жігіттер өз елінің патриоты екендіктерін дәлелдей алды. Ел алдындағы азаматтық міндеттеріне адалдық танытып, Семей ядролық полигоны зардаптарын болдырмау бағытында қажырлы еңбек сіңіре білді.
Дайындаған:Қ.АЙТҚАЛИЕВ