Ашынған ана, жаутаңдаған бала!

«Күйеуіммен отасқаныма бес жыл өтсе де, ішіп келсе қол көтеретін әдетін қоймады. Көбінде көз жұма қарап, кешірім етіп келген едім. Бірақ, шыдамның да шегі болады ғой. Полицияға арызданудан басқа амалым қалмады» дейді А.есімді жәбірленуші әйел.  Тұрмыстық жанжалжан зардап шеккен бұл азаматша қазіргі таңда Атырау қаласындағы дағдарыс орталығына орналастырылды. Мұнда ол баласымен бірге 6 ай тегін тұра алады. Әрі осы уақыт ішінде аяққа тұрып, тұрақты жұмыс табуына мол мүмкіндік бар. Махамбеттік полицейлер Дағдарыс орталығы қызметкерлерімен бірлесіп 22 жастағы азаматшаға алдағы уақытта да қамқорлық танытуды жоспарлап отыр.  Ал отбасы тыныштығын бұзған күйеуі  ӘҚБтК 73 бабы 1 бөлігімен әкімшілік хаттама  толтырылып, іс құжаттар сотқа жолданған. 

Бұл жергілікті полиция қызметі бөлімшесі  мамандары берген деректерден келтіріп отырған бір ғана мысал.  Ал, жыл басынан бері Махамбет АПБ 102 желісіне отбасы-тұрмыстық салада 93 хабарлама тіркеліп, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар Кодексінің 73 бабымен  – 79 әкімшілік хаттама жасақталып, аудандық сотқа жолданған. Оның ішінде, 24-і әкімшілік қамаққа алынып, 11-іне ескерту берілген. Ал тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған істер саны – 40 болса,  4 іс сотқа жолданып шешімі қабылданбаған. 14іс іс-құжат жинақтау папкасына  жолданған. Бұған қарап, әкімшілік жауапкершілікпен ғана аяқталып жатқанына шүкір ететін жағдайда екеніміз рас. Өйтпегенде ше, отандық БАҚ жарыса жазып, әйелін ұрып өлтірді деген қылмыстық іске күдікті ретінде қамауға алынған экс министр Қ.Бишімбаевтың  ісін естіген боларсыз. Елді дүрліктірген бұл оқиға біздің де қолға қалам алуымызға түрткі болды.  Ресми деректерге сүйенсек, соңғы төрт жарым жылда елімізде  тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 869 адам қаза тауып, 2086 адамның денсаулығына ауыр зиян келтірудің жағдайлары тіркелген.  Тұрмыстық зорлық-зомбылық қазір ғана пайда болған түсінік емес. Бұл жайлы айтудан да, жазудан да кенде емеспіз. Үй-үйді аралап түсінік жұмыстарын жүргізіп, іс-шаралар жоспарына сәйкес басқосулар, жиындар, акциялар жыл сайын, ай сайын өтіп жатыр. Алайда «сөйтіп, тосқауыл қоярмыз» деген жоспарымыз кері кетіп, одан сайын күрделеніп бара жатқандай ма қалай?

- Аудан  көлеміндегі 10 ауылдық округтеріне аудан әкімі жанындағы әйелдер істер және демократиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысымен бірлесіп «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңын,  ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістермен толықтырулар енгізілгенін және отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға қатысты жазалардың өзгертілгені жөнінде оқу орындарында, мектептерде, мекемелерде «Жанұя мен бала», «Құқықтық тәртіп» ,«Профилактикалық бақылау», «Жасөспірім», «Учаске» іс-шаралары арқылы, жиналыстар және т.б көптеген түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Ауданымызда отбасылық жанжалмен қылмыстық іс тіркелген жоқ, - дейді Арайлым Сапарғалиева, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны.

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы өліммен аяқталуы – бұл қоғамдық дерт! Әйеліне қол көтерген еркек заң мен ар алдында жауап берері сөзсіз. Анығында, әйелге жәбір көрсеткен ешқашан жақсылық таппайды!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521