–Еліміз тәуелсіздік алғалы ұлт тарихын түгендеп, зерттеп келеді. Алдымен Алашорда тарихын қолға алдық.
Одан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Енді міне, Алтын Орда дәуірінің ақиқатын айтуға бет бұрудамыз. Бүгінгі композициялық қойылымнан қазақ халқының бір кездегі үлкен империяның жұрнағы болғандығын, үлкен айбатты елден бастау алғанын көріп жатырмыз. Әрине бұл үлкен тарихтың бастамасы. Баршаға белгілі, өткен жылы 24-қарашада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы шықты. Бүгінде XX ғасырда болған алапат аштықты, қуғын-сүргін қайтадан зерттелуде.
Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында мемлекетіміз елдің әлеуетін түзеп, іргені бекітіп, экономиканы көтеру мақсатында жұмыстанса, енді шынайы тарихымызды зерттеуге маңыз берілуде. Бүгінгі шара – үлкен істің бастамасы. Алдағы уақытта қазатың бүкіл тарихы қайта қаралып, ақиқат аршылады. Біз осыған дейін әр жердегі орыс тарихшыларының ғана жазғандарына сүйеніп келсек, қазір ортамызда қытай, араб, парсы тіпті үнді тілінің мамандары бар. Тәж Махалдың қалай салынғаны, Сұлтан Бейбарыстың қалай араб империясын билегенін бұрын тарихи факт ретінде айтсақ, бүгінде шын мәнінде біздің жанды тарихымыз екенін, ата-бабамыздың басынан кешкен ғұмыр екенін біліп жатырмыз.