Ел дамуының басты бағдаршамына айналған Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 26 жыл толды. 1995 жылдың 30 тамызында барша қазақстандықтар Конституцияны мақұлдап, қуатты құқытқы-демократиялық және әлеуметтік мемлекет құруды қолдаған тарихи таңдауын жасаған болатын.
Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алатын, халық қолдап, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы зор құжат Конституциямыздың жиырма алты жылдығы қарсаңында Махамбет аудандық әкімдігінде санитарлық талаптарды сақтай отыра салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Ринат Жанқылыш жиналғандарды мерекемен құттықтап, Ата Заң аясында қызмет етіп, оны құрметтеу, принциптерін сақтау – әрбір азаматтық парызы, келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін атап өтті.
- Конституция жас мемлекетіміздің өз алдына көтерген шаңырағын шайқалтпай ұстай отыра мызғымас тірегіне айналды. Ата Заңымыздың қабылдануы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы жарқын оқиға. Бүгінгі эконмикамыздағы ілгері басушылық дәл осы құжаттың негізінде жүзеге асуда. Конституция бойынша өмір сүрі дегеніміз – демократияның ең жоғарғы мектебі. Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын. Барлық ізгі істеріңіз бен бастмаларыңызға сәттілік тілеймін,-деді аудан басшысы Р.Бауыржанұлы.
Мереке қарсаңында ауданымыздың әлеуметтік дамуына сүбелі үлесін қосқан сот жүйесінің ардагері Сағима Жұмалиева, прокуратура қызметінің ардагері Нәсіп Ғаббасқызы, полиция қызметінің ардегері Әлімжан Жиеналиев және Махамбет аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қобылан Сисеновке аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Жиынға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Сабиров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев өздерінің жүрекжарды мерекелік лебіздерін де жеткізді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі