Бүгінгі күнде сыбайлас жемқорлық мәселесі біздің еліміз үшінде өте өзекті мәселе болып отыр. Жемқорлық - қоғамның іргетасын бұзады, дамуына қауіп төндіреді, мемлекеттік органдарға деген сенімнің төмендеуіне ықпал етеді. Аты айтып тұрғандай, бұл жерде бір емес бірнеше адам сөз байласып, сыбайлас топ құруы мүмін. Жемқорлықтың ақырында алаяқтық, бопсалау, тіпті суицид сынды ауыр қылмыс та орын алады. Бірақ, бүгінде әділетті Қазақстанды құру жолында «Көз қысты, бармақ бастыға» салып, мемлекеттің де, жеке тұлғаның да қаржысына қол сұғушыларға қатаң бақылау жүргізіледі. Заңды белшесінен басып, ашкөздікке салынғандарды лайықты жазасы да тосып тұрады.
«Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді»
Еліміз етек-жеңін енді жиып, мемлекеттік құрылым қалыпқа келген тұста жемқорлық деген дерт жайлай бастады. Тіпті, қарапайым халықтың билікке, мемлекеттік қзымет құқық қорғау саласына деген сеніміне айрықша нұқсан келтірілді. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, бір ұжымнан шыққан жемқорлықтың салдарымен жылдап күресуге тура келеді. Себебі, сыбайластардың түп тамырын жою үшін де жауаптылар ұзақ, кешенді жұмысқа кіріседі.
Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыстар жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп келеді. Мәселен, елімізде қылмыс үстінде ұсталған пара алушы да, пара беруші де заң алдында жауапқа тартылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактісін анықтаған, хабарлаған тұрғындарға мемлекет тарапынан берілетін арнайы сыйақы да бар. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы 1000 АЕК-тен астам залал келтіргені үшін сыйақы 10 пайызды құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. Мысалы, егер пара немесе келтірілген залал мөлшері 50 млн теңге болса, онда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам сот үкімінен кейін 5 млн теңге алады.
Бұдан бөлек елімізде сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда тұратын патриот және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған «Саналы ұрпақ» жобасы жүзеге асырылды. Ішкі істер министрлігі ұсынған «Адалдық алаңы» жобасы оң нәтижесін берді. Жобаның басты міндеті жемқорлықты жойып, қарапайым халықтың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау болды. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде фронт-офистер ашылып, полиция мен халық арасындағы ынтымақтастық нығая түсті.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық салаларына: экономикаға, саясатқа, әлеуметтік салаға үлкен әсер етеді және оның салдары қоғамның дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қауіп төндіреді. Саясаткерлер де, жоғары мемлекеттік шенеуніктер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қажеттілігі туралы айтуда. Сонымен қатар, стратегиялық бағыттардан басқа, мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және оларға жол бермеу жөніндегі шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізеді, өйткені сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде мемлекеттік қызмет органдарының имиджіне теріс әсер етіп, азаматтардың сеніміне нұқсан келтіруде.
Статистикаға сүйенсек
Қаншама кешенді жұмыстар мен заңнамаға енгізілген өзгерістерге қарамастан, ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілерінің саны өскен. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы мұндай фактілер ең аз тіркелген өңірлердің қатарына қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 404 адам анықталған. . Оның ішінде 230 айыпталушы сотқа тартылыпты.
Жемқорлық жасағандардың үштен бірі дерлік пара алу кезінде ұсталғандар. Өткен жылдың қаңтар-наурызында 147 адам парамен ұсталса, биылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 82 адам әшкереленді. Тағы 5 адам парақорлыққа делдал болғаны үшін айыпталған.
Келтірілген залалға келетін болсақ, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша жалпы белгіленген материалдық шығын көлемі бір жыл бұрынғы 1,2 миллиард теңгенің орнына 7,3 миллиард теңгені құрады. 3,9 млрд теңге арестке қойылып, 1,9 млрд теңге тәркіленген..
Transparency International ұйымының бағалауынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың шарықтау деңгейі өте жоғары. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі 39-ды құрады.
Қазіргі әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде және үнемі жетілдірілуде. Әрбір ел қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістерінің ерекшелігі бірегей және тек саяси және экономикалық тұрақтылыққа ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге, діни ерекшеліктер мен құқықтық мәдениет деңгейіне, сондай-ақ алып жатқан аумақтың ауданына, тығыздығына, халық санына байланысты.
Әлемдік тәжірибеден аларымыз көп
Халық санын жағынан әлемде көш бастап тұрған Қытайда 2018 жылы 68 мыңнан астам адам сыбайлас жемқорлыққа қатысты ережені бұзып, жауапқа тартылды. 2012 жылы Қытайда мемлекеттік қызметкерлерден ұқыптылықты, әдепті, немқұрайлық пен ысырапшылыққа жол бермеуді талап ететін ереже қабылданады. Былтыр қағиданы ұстанбаған 71 мың адам жазасын алды. Бұл үрдіс 2012 жылы басталды. Си Цзиньпин партия мүшелері мен мемлекеттік қызметшілердің абыройын көтеруді мықтап қолға алған. Оларға тәртіп нормаларын сақтау, сыпайы және жауапты болу, өз міндетін мүлтіксіз атқару сияқты талаптар қойылады. Олар тіпті өз елінен бөлек, әлемнің 120 мемлекетінен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген 4,8 мың күдікті қытай азаматын ұстаған. Бұған қоса Қытай қазынадан ұрланған 1,5 миллиард юань қаржысын қайтарып алды.
Ал, Орта Азиядағы дамыған елдердің бірі Жапонияда «өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жапон қоғамы үшін еңбек ету» деген түсінік бар. Бұны ұжымдық сананың жетілуі деп түсінген жөн. Әр жапон азаматы өзі қызмет ететін мекеме үшін барын салады, ұжым ортақ жетістікке жетуі үшін күш-қуатын аямай еңбек етеді. Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң талай елде бар, әрине. Бірақ Жапонияда заңға бәрі бағынады. Жақсы тұрмыс үшін жасырынып «сауда жасап» жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады. Әлемдік тәжірибеден біздің де үлгі алар тұстарымыз әлі де жетерлік. Бірақ, дамыған, дамушы мемлекеттерде сыбайлас жемқорлық әлі де бар. Оны мүлдем жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі елімізде жыл сайын Президент Жолдауында жариялануда. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барлық бағыттар бойынша қалай жаңа серпін беру керектігін атап өтті. Жолдауда айтылған тапсырмалар мен мақсаттар жүзеге асса, еліміздегі жемқорлықпен күрес тағы бір сатыға, жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Заң мен тәртіптен бөлек, Жапония секілді ұлттық рухты ояту, адамгершілік, азаматтық қағидалардан аттамау, «өзім үшін емес, ел үшін, ертеңіміз үшін, жарқын болашақ үшін» адал еңбек ету принципінде қалу ең маңызды міндет секілді. Себебі, адам баласының бойында ар-ожданы болмаса, ұлтқа, елге адал қызмет етуі екіталай дүние.
А.САТАЕВА