Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік аясында «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі Қытайдың «Zhejiang Business College», «Hangzhou Xiaoshan Technical College» және «Tianjin Bohai Vocational Technical College» оқу орындарымен өндірістік білім беру мен жасанды интеллектті дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әріптестік аясында жасанды интеллект элементтерін өндірістік оқыту үдерісіне енгізу, соның ішінде Атырау өңірі үшін өзекті мұнай-газ саласына қажетті білікті мамандарды даярлау көзделіп отыр.
— Бұл бастама білім беру мен өндірісті ұштастырып, болашақта жоғары білікті, заманауи кадрларды даярлауға мүмкіндік береді, — деді «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінің директоры Асылбек Нұрмышев.
Меморандум аясында студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық кәсіби чемпионаттарға бірлесіп даярлау жоспарланған.



