Таяуда Атырау облысы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар форумына махамбеттік бір топ аналар қатысып қайттық.
Форум жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, республикалық аналар кеңесі төрайымы Назипа Шанай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Камал Әлпейісова сынды меймандар, қала, аудан,ауылдардан басқа да аналар қатысты.
«ТЕДх» форматындағы конференцияда спикерлердің «Отбасы институтында жаңғыртуды қажет ететін дағдылар», «Ана мен бала денсаулығы-ұлт болашағы», «Ата-ана мен бала қарым-қатынасын ілгерілетуде білім беру мекемелерінің рөлі», «Мектеп жасындағы оқушылар мен жастар арасында суицидтің көбею себептері» сынды тақырыптар бойынша баяндамалары тыңдалды.
«Әйел атты ұлылық» атты бөлім елімізге белгілі ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованы еске алу әдеби-музыкалық кешіне арналды. Ақын өлеңдерін «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері мәнерлеп оқып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар Фариза ақын туралы тума-туыстары естеліктерімен бөлісті. Осындай мән-мағызы зор форумға қатысқаныма қуаныштымын. Менімен бірге аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жібек Шамалиқызы, Гүлмира Сембаева, Күнсая Суханғалиева, Зүлфия Болатқызы болды. Жанұя ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі аналардың қоғам дамуы үшін жасар толағай істері көп болсын. Рухани тәрбиелік мәні зор форумдар жалғасын таба берсін.
Жадыра Есенова,
Бақсай ауылдық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшысы