«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратовтың еңбек ұжымымен есеп беру кездесуі өтті.
Кәсіпорын басшысы 2022 жылғы өндірістік, экологиялық, әлеуметтік шаралардың қорытындылары, негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы туралы баяндама жасап, ағымдағы жылға арналған жоспарларды нақтылады.
Өткен жылды қорытындылай келе Мұрат Досмұратов оның зауыт үшін ауыр болғанын атап өтті. 2022 жылы зауыттағы 32 технологиялық қондырғыда кейінгі жылдар ішіндегі ең ауқымды жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылды, аппараттарды бумен тазалау операциялары жабық жүйеде, қоршаған ортаға кері әсерсіз ұйымдастырылды.
Бас директор өндірістік және экологиялық көрсеткіштерге ерекше тоқталды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша зауытта 5 224 мың тонна шикі мұнай өңделді. Мұнай өнімдерін шығару көлемі:
• АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы автобензидер – 1 262 мың тонна;
• дизель отыны – 1 469 мың тонна;
• сұйытылған газ – 126 мың тонна;
• реактивті отын – 132 мың тоннаны құрады.
АМӨЗ шығаратын мұнай өнімдері К-4 және К-5 экологиялық кластарының талаптарына сәйкес келеді.
2022 жылы атмосфераға 10 400 тонна ластаушы заттар шығарылды, бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1 400 тоннаға аз. Ағынды суларды жіберу көлемі 6 000 тоннаны құрады. Бұл 11 600 тоннаны кұраған шекті көрсеткіштен шамамен 2 есе төмен. Атырау мұнай өңдеу зауыты алдағы уақытта қала экологиясына оң әсер ететін жобаларды жүзеге асыруды жалғастырмақ.
«Біз зауыт қызметінің экология және қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша азайту үшін қажетті барлық шараларды қолға алуымыз керек», - деп бас директор өз баяндамасында атап өтті.
АМӨЗ-де халықаралық озық тәжірибе негізінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты кешенді іс-шаралар іске асуда. Соның нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша зауыт пен мердігер компаниялардың жұмысшыларының арасында өндірістік жарақаттану, кәсіптік ауру немесе жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. 2022 жылдың қыркүйегінде «АМӨЗ» ЖШС еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бизнес-бастамаларды тиімді жүзеге асырғаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атынан марапатқа ие болды.
Атырау мұнай өңдеу зауыты облыс бюджетіне ең ірі салық төлеушілердің бірі болып табылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша компания 113 млрд теңге көлемінде салық төлесе, оның 22,6 млрд теңгесі республикалық бюджетке, қалған 90,4 млрд теңгесі жергілікті бюджетке төленді.
Мұрат Досмұратов атап өткендей, Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшылары мекеме жетістіктерінің басты драйвері. Еңбек жағдайын үздіксіз жақсарту, әлеуметтік қолдау, мансаптық өсу мен қызметкерлердің қажеттіліктеріне назар аудару — компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. 2022 жылдың наурыз айында жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының кеңеюін ескере отырып, екі жылдық жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды. Аталмыш келісім ҚР Кәсіподақтар федерациясының жыл сайынғы республикалық байқауында «Үздік ұжымдық шарт» деп танылды.
Атырау мұнай өңдеу зауытының 2023 жылға арналған басым міндеттері – зауыт жұмысының тиімділігін арттыру және ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету, мұнай өңдеу көлемін 5 400 мың тоннаға дейін жеткізу, мұнай өңдеу тереңдігін 80,15 %-ға дейін ұлғайту, мұнай өнімдерінің шығынын азайтып, технологиялық отынды жағу көрсеткішін 12,17%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жиын соңында Мұрат Досмұратов зауыт ұжымын 2023 жылға арналған мақсат-міндеттердің жүзеге асуына белсенді араласуға шақырды.