Махамбет ауданынының орталығынан бүгін халық көптен күткен хоккей алаңы ашылды. Облыс көлемінде жоқ мұндай алаңды “Туған жерге тағзым” аясында белгілі кәсіпкер тарту етті.
Аудан әкімдігінің қолдауымен, «Alimay” ЖШС-нің басшысы, спорт жанашыры, 2024 жылдың Үздік кәсіпкері, ауылымыздың беделді азаматы Андашев Ерлан Амнгелдіұлының демеушілігімен салынған алаңның бүгін ашылу салтанаты өтіп, алғашқы жолдастық кездесу де ұйымдастырылды. Оған ауылымыздың әуесқой ардагер спортшылары мен жастардан жиналған құрама қатысып, мұз үстінде әдемі ойын өрнегін көрсетті. 50 адамға арналған, құрал-жабдығы Ресей мемлекетінен алынған корттың аумағы кең, екі команда емін-еркін ойнай алады. Алдағы уақытта осы хоккейдің дамуына үлес қосып, 40 жылдан астам уақыт айналысып жүрген Темірхан Төлеуов ағамыз алаңда жас балаларға тегін дәріс беруге дайын екенін айтты.
“ Біз осы күнді өте көп күттік. Біраз жылдан бері, облыс, аудан әкімдеріне, тіпті “Amanat” партиясына да барып осындай ашық алаң салып беруді сұрап келдік. Міне, бүгін спортсүйер қауымның тілегін орындап, Ерландай жомарт азамат үлкен игі іске мұрындық болып отыр. Ендігі міндет- жас ұрпақты осы спорт түріне баулып, болашақ чемпиондарды ауылдан тәрбиелеп шығару” дейді ардагер спортшы Т.Төлеуов.
“Туған жерге тағзым” жобасы аясында жүзеге асырылған бұл ашық алаң “Alimay”-дың ауданға арнаған алғашқы тартуы емес. Бұған дейін кәсіпкер компания атынан Махамбет ауылының орталығынан құны 15 млн-дық заманауи спорт алаңын ашып берген еді. Одан бөлек Ерлан Андашевтың баспасөзге жазылу кезеңіндегі “Жайық шұғыласына” қолдауын да ерекше атап
өткіміз келеді. Бүгінгі ашық аспан астындағы мұз айыдынының ашылу салтанатына да құр келмеген ол Германиялық Bauer брендінің хоккей таяқшасы мен шайбасын ауыл құрамасына сыйға тартты. Махамбеттіктердің салауатты өмір салтын сақтап, қысқы спорт түрімен машықтануына арналған алаң енді халықтың игілігіне қызмет етпек.
А.Сатаева