Жалақысының аздығына қарамай еңбек ететін адамдардың бірі – әлеуметтік қызметкерлер. Халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары.
Жалпы үйде екі зейнеткер тұрамыз. Үш жылдан бері отбасымызға Гүлбану Аренова әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы ол қызметкерді басқа жерге ауыстырамыз дегенде ауылдық округтен аттай қалап, сұрап алып, қалдырған едік. Шынымды айтсам, Гүлбану біздің шаңырақтың бір мүшесіндей болып кетті. Әр келген сайын алдымен амандасып, денсаулығымызды сұраған соң ғана жұмысына кіріседі. Үйге келе сала тазалық жұмыстарына кіріседі, қажет болса, есік-терезелерді, еденді, жылу батареяларын да сырлауды ұмытпайды. Кейде дүкеннен қажетті азық-түліктер әкеліп, коммуналдық төлемдерді де төлеп тастайды. Өзі жылына бір рет үйді ақтайды. Қашан көрсең де шарбақтағы тал-теректерге су құйып жүргені. Тіпті іс тігетін өнері де бар болып шықты. Өз басым қыз баланың тоқыма тоқып, іс тіккені де жақсы ырым деп ойлаймын. Кей кезде оның ісмерлігін де пайдаланамыз.
Қазіргі төтенше жағдайға байланысты Гүлбану қызымыз да өз қызметін мінсіз атқарып жүр. Жуырда жұбайым науқастанып, ауруханаға түсіп қалды. Соған байланысты ол үйімізге келіп, жағдайымды біліп, маған күнбе-күн ыстық тағамдар дайындап жүр. Қызымдай жанның бізге жасаған жақсылығын кісіліктің, үлкен адамгершіліктің белгісі деп білемін. Қысқасы, отбасымызбен әлеуметтік қызметкер Гүлбану Аренованың жұмысына бек ризамыз.
Мына Рамазан айында саған Алланың нұры жаусын, бізге жасаған жақсылықтарыңа алғысымыз шексіз.
М.Оразғалиұлы,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы
Сурет:дереккөз