Алаяқтар айласын асырып жүр

«Еркін сөз» шығармашылық байқауына

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. «Аңқау елге арамза молда» болған алаяқтар жыл өткен сайын тәсілдерін түрлендіріп келеді. Облысымызда соңғы алты ай көлемінде 409 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген.

Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, оның 314-і – интернет арқылы тауар немесе қызмет көрсету түрлеріне алдын-ала төлем жасаған азаматтардың алдануы. Бұдан бөлек, жалған сілтемелер арқылы ақша қаражатын жымқыру бойынша 8 дерек, онлайн несие рәсімдеу арқылы алданған 39 дерек, өзгенің атын жамылып жалған аккаунттар ашып алдаған 6 дерек тіркеліп отыр. Талдауға сәйкес, облысымызда интернет-алаяқтық құрбандары – 30-50жас аралығындағы тұрғындар. Әйел азаматшалар күмәнді интернет-дүкендерден тауар сатып алу арқылы алданса,  ер азаматтардың басым бөлігі kolesa.kz және өзге де көлік құралдары мен бөлшектерін сататын жалған хабарламалардың құрбаны болған.

Цифрландыру еліміздің өркендеуіне оң әсерін тигізіп келеді. Алайда, жаңа технологияларды өз мақсатына пайдаланып, халықты зар қақсатқан алаяқтар үшін де  оңтайлы болып отырғаны жасырын емес. Бүгінде сауда-саттық алаңына айналған әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар да қылмыскерлердің өз мақсатын жүзеге асыратын орны болып отыр. Соңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтық құқық бұзушылық фактілері «Instagram», «Facebook», «Telegram», «Вконтакте» әлеуметтік желілерінде, «OLX.KZ», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA. KZ» сайттарын және «What’s App» мессенджерін пайдалану арқылы жасалуда. Олар өз ойларын жалған интернет дүкендер, «фейк» парақшалар, сайттар ашып, түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, сенімдеріне кіру арқылы жүзеге асыруда.

Интернет алаяқтықтың кең тараған түрі желідегі сауда алаңдарындағы түрлі хабарландырудан басталады. Ол қандай да бір тауар немесе қызмет түрлері болуы мүмкін. Алаяқтар тұтынушыға арзан бағамен немесе тауардың тез жеткізілуімен қызықтырады. Сатып алушыға алдын ала толық немесе жартылай төлем жасауды өтініп, үшінші адамдардың шотына ақша аудартып, жақын арада сізге хабарласатынын айтып жоқ болады. Сондықтан тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеру қажет.

 «Қытайдан тауар әкеліп, өз кәсібіңізді ашуға болады» деген жарнаманы ғаламтордан көріп, елең еткендердің бірі Майра Ғани. 

 – Жарнамада көрсетілген сөздермен қатар, тауарлардың сапасы, түсі әрі моделі көздің жауын алады. Дәл солай қызығып, үй жиһазына тапсырыс бердім. «Алты айдан соң келеді» деген тауарды күткеніме бір жылға жуықтады. «Арзанның құны татымас» демекші, қазіргі таңда сол арзан затқа жолығып, ақшамды әлі күнге ала алмай отырмын. Одан бөлек, сол заттың ақшасын алдын ала төлеу үшін жылдам несие центрінен бөліп төлеуге несие алғанмын. Бір сөзбен айтқанда екі шығынға батып отырмын. Мен тәрізді сан соғып отырғандар қаншама?! - дейді ол. Ал, сауда бастамақшы болып, әйелдер көйлегіне тапсырыс берген Назымгүлге керемет көйлектердің орнына қоқысқа тасталған  киімдер келген.  Махамбеттік студент Марта  Instagram желісінде көйлек сатып алмақшы болып, парақша иесінің шотына 10 мың теңге аударған. Егер киім ұнамай қалса, ақшасын қайтару келісімі болған. Бірақ Айжанға ақша да, көйлек те қайтып келмеді. Ол бұдан кейін ешқандай әрекет жасамаған.   Мұндай жағдайда не істеу керек? Заңгерлердің айтуынша интернеттегі алаяққа ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы бойынша 4 мың айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады немесе төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Залал мөлшерінің ұлғаюына байланысты жауапкершілік 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.

Интернет арқылы сауда жасағанда қаржы аудармас бұрын одан не талап ету керек?

Зат сатып аларда сатушының құжаттарын (жеке куәлік, паспорт) түгел талап ету керек.Сатушы жеке тұлға болған жағдайда арнайы келісімшарт жасағаны дұрыс. Себебі интернет-дүкенді басқаратын жеке тұлғалардың көбі жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеле бермейді. Мұндай жағдайда тұтынушылар туралы заңнама талабы қолданылмайды.Егер сатушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болса, онда олардың тіркеуін растайтын құжатын талап ету керек. Тұлғаның реквизиті арқылы ол жайлы ақпаратты желіден табуға болады. Мысалы, оның қарыздары, сот істері және оны әшкерелейтін өзге де ақпарат оңай табылады.Заңгердің айтуынша, алаяқ адам міндетті түрде күдік туғызады. Олардың көбі өте тиімді, жеңіл ұсыныс жасайды. Мысалы, «кепілсіз қарыз ақша беруге», «бағаны төмендетуге» немесе тауарыңызды «қымбатқа сатып алуға» дайын болады.

Бұрын лауазымды орында жұмыс жасаған, қазір зейнет жасындағы Марат Құлғалиевке түнгі сағат 10-ның шамасында банктен менеджер қоңырау шалып, депозитіндегі ақшасына алаяқтар қауіп төндіріп тұрғанын айтып, дәл қазір банкке келуі керектігін ескертеді. Бұл қоңырауға қалтқысыз сенген ағамыз сол бойда аталған банкке барады. Банктің алдынан орыс жігіті қарсы алып, қазір банк жабық тұрғандықтан, көлікке отырып, есепшоттарын бұғаттап береді. Енді қорқатын ештеңе жоқ екенін айтады. Көңілі орнына түскен ол үйіне қайтады. Бір айдан соң ұялы телефонына банктен несие төлейтін күні екенін ескерткен хабарлама келеді. «Қайдағы несие?» деп аң-таң болып банкке барса, бір ай бұрын өзіне хабарласқан орыс жігіті депозитіндегі 4 млн ақшасын қолды қылғанымен қоймай, 2 млн. теңге кредитке кіргізіп кетіпті. Өкініштен ах ұрған зейнетер жер сабалап қала берді. Өкінішке орай мұндай жағдайлар қоғамда  көбейіп барады. 

–  Шын мәнінде қазіргі таңда, интернет алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық арасында алдыңғы орында тұр. Сондықтан да, ауылдық округтерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізіп, жаднамалар тараттық. Интернет алаяқтықтың түрлері көп. Атап айтсақ, – сіздің электронды поштаңызға немесе ұялы телефоныңызға сіз ұтыс ұттыңыз деген хабарлама келеді. Кейін сол ұтып алған ұтысты алу үшін салық төлеуіңіз керек болады. Ұтыс деген сөзді ести сала кейбір адамдар «Қомақты қаражатқа ие болатын болдым» деп, қолдарында бар ақшаны аударып жатады. Сондықтан жалған ақпаратқа сенбеген абзал. Тағы да бір арбау тәсілі – алаяқ сізге банк қызметкері болып қоңырау шалады. Ол сіздің счетыңыздағы ақшаны қауіпсіз счетқа аудару керек екендігін айтып сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеу қаупі бар деп счетыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жіберіп ақшаларынан айырылып қалып жатады. Сондықтан шын банк қызметкері сізге хабарласып, сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етпейтінін ескерген жөн. Жоғарыда аталған интернет алаяқтарына алданған жағдайда дереу арада жергілікті полиция бөлімшесіне жүгінуіңіз керек. Аудан тұрғындарын жоғарыда аталған интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алуға, оларға жол бермеуге атсалысуға шақырамыз. Осыған байланысты аудан тұрғындарына ескертетініміз:

-Жеке мәліметтерді ешкімге айтпау

- Тексерілмеген ақпаратқа сенбеу

-Онлайн сауда жасағанда, тауарды тексермей алдын-ала төлем жасамау

-Бейтаныс адамдарға ақша аудармау

-Құпия сөз бен кодты ешкімге жарияламау

Сонымен қатар, банктен келетін SMS хабарламаға да назар аударған жөн. SMS хабарламаға келгенде, оны бөтен адамға айтуға болмайды және банк қызметкерлері де оны сұрауға тиісті емес. Сондай-ақ чаттарға келетін күмәнді сілтемелерді ашпау керек,-дейді аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Данабек Рахметов.

Түйін

Соңғы екі жылда Қазақстанда елдегі киберқауіпсіздік саласын дамытуға бағытталған базалық тұжырымдамалық негіз жасалды. «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы мен интернеттегі қылмыстың түр-түріне тосқауыл қоюға қауқарлы заңнама актілері тобы қабылданып, іске асырылып жатыр. Егер  сізге белгісіз біреу хабарласып, қандай да бір банктің атын атап банк картасы жайлы ақпарат немесе басқа да жеке мәліметтерді сұраса, ең алдымен сол банктің сенім телефондарына қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтап алған артықтық етпейді. Ендеше, сақ болайық, ағайын!

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT