Алатау - цифрлық қалаға айнала ала ма

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алатау қаласын Қазақстандағы алғашқы цифрлық шаһар ретінде құру жоспарланып отыр. Мұнда тауарлар мен қызметтер үшін төлем тек ұлттық валютамен ғана емес, криптовалюталар арқылы да жүргізілуі мүмкін.

Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Alatau City өңірдің алғашқы цифрлық орталығына айналуы қажет екенін атап өтті. Бұл бастамаға байланысты Қазақстан блокчейн қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашев пікір білдірді.

— Мен Президенттің ұстанымын толық қолдаймын. Ол шетелдік инвесторлардың назарын аудару үшін дұрыс тапсырма берді — криптоиндустрия және жасанды интеллект. Бұл сөздердің Президент деңгейінде айтылуы шетелдік компаниялар үшін бұл маңызды белгі: осы бағытта дамуға Мемлекет басшысының кепілдігі бар, — деді Дәурен Қарашев.

Криптоқала құру қиындықтары

Сарапшының айтуынша, криптоқала құру идеясы шабыттандырарлық болғанымен, қазіргі жағдайда бірқатар түйткілдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда криптоиндустрияны реттеумен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі айналысады. Алайда Дәурен Қарашев олардың жұмысы әзірге тиімді емес екенін атап өтті.

— АХҚО аумағында лицензияланған криптобиржалар бар, бірақ олардың үлесі бар болғаны 3 пайызды құрайды. Қалған 97% пайдаланушы «сұр аймаққа» кетіп, шетелдік лицензияланбаған платформалар арқылы жұмыс істейді. Демек, біз тіпті Астананың бір ауданында толыққанды экожүйе құра алмадық. Сонда осы команданың тұтас бір криптоқаланы салып шығуына күмән туады, — деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сарапшы On-chain analysis деректерін еске салды: 2024 жылы қазақстандық пайдаланушылардың шамамен 40%-ы лицензиясы жоқ Binance биржасын таңдаған. Бұл компания еліміздің салық резиденті емес әрі қаржылық мониторингтен өтпейді. Басқа мемлекеттерде ол санкцияларға тап болғанымен, Қазақстанда айтарлықтай шектеулер енгізілген жоқ.

Нарықты кім реттеуі тиіс?

Қазақстан блокчейн қауымдастығының төрағасы криптоқала жобасы жүзеге асуы үшін криптоиндустрияны Қазақстан Ұлттық банкі реттеуі керек деген пікірде. Айтуынша, банк жүйесі криптонарыққа тікелей жауап беретін елдерде үлкен жетістіктер байқалады.

— Ал бізде қазір іс жүзінде қос билік бар: лицензияны әрі АХҚО, әрі Ұлттық банк береді. Бұл реттеушілер арасында бәсекелестік тудырып, дамуды тежейді. Меніңше, өкілеттілікті толық Ұлттық банкке беру қажет, — деді ол.

Әлеуеті бар идея

Қолданыстағы қиындықтарға қарамастан, сарапшы цифрлық қала құру идеясының Қазақстан үшін өзекті әрі болашағы зор екенін атап өтті. Ол инвестициялар тартып, цифрлық инфрақұрылымды дамытып, елге блокчейн-технологиялар саласында аймақтық көшбасшы мәртебесін бекітуге мүмкіндік береді.

— Жобаны егер білікті команда қолға алса және ашық әрі түсінікті ережелер жасалса, жылдам жүзеге асыруға болады. Ең бастысы — инвесторлар мен пайдаланушылардың сенімін ие болу, — деді Дәурен Қарашев.

Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев Алатау аумағында жаңа қала салу идеясы бұрыннан бар екенін еске салды. Бұған дейін жоба Gate City деп аталған. Енді ол Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы тиіс.

— Мұндай міндетті жүзеге асыру үшін елеулі ресурстар мен саяси ерік қажет. Әрекеттердің бірізділігін құру маңызды: заманауи байланыс инфрақұрылымын және инженерлік желілерді салу, көлік, экология, мемлекеттік қызмет көрсету үшін «ақылды» сервистерді енгізу, сондай-ақ білікті кадрларды даярлау. Мұның бәрі жобаның табысты болуының негізін қалайды. Сонымен қатар тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау мәселесін де естен шығармау керек, — деді ол.

Ғабит Матаевтың айтуынша, цифрлық қала — урбанистикадағы жаңа ұғым. Оның ерекшелігі — барлық процестерді басқару заманауи технологиялардың арқасында барынша ыңғайлы, жедел әрі ашық болады.

— Бүгіннің өзінде цифрландыру көптеген салада енгізілген: мобильді қосымша арқылы жолақыны төлеуге, дәрігерге жазылуға, құжат тапсыруға немесе мемлекеттік қызмет алуға болады. Жаңа қалада мұндай сервистер бірыңғай жүйеге біріктіріледі. Қалалық қызметтер ақпараттық жүйе негізінде жұмыс істейтін болады: бұл көлік ағындарын реттеуге, экологиялық көрсеткіштерді бақылауға, энергия тұтынуды қадағалауға, коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деді ол.

Сондай-ақ Ғабит Матаев Президенттің тапсырмасымен қаланың әкімшілігі құрылғанын айтты, олар құжаттаманы әзірлеумен айналысады. Алдын ала болжамға сәйкес, базалық инфрақұрылым, байланыс пен коммуникацияларды дайындау шамамен жарты жылға созылады. «Ақылды сервистер» мен бірыңғай қалалық қосымшаны енгізу тағы 2–3 жылды алады. Ал қаланың толыққанды заманауи цифрлық орталыққа айналуы үшін кемінде 7 жыл қажет.

Бұдан бөлек сарапшы қала экожүйесіне криптовалюталарды қолдану арқылы есеп айырысуды интеграциялау жоспарланып отырғанын атап өтті.

— Бұған дейін бұл мүмкін емес болып көрінген, ал қазір бұл әбден ықтимал. Ең бастысы — қажетті заңнамалық нормаларды әзірлеу және бейімделуге уақыт беру, — деді ол.

Алатау қаласында не істелді?

2024 жылдың қаңтарында Алматы облысының Іле ауданына қарасты Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына ауыстырылып, жаңа Алатау аты берілді. Президенттің тиісті Жарлыққа қол қойғанына 1 жыл 9 ай болды. Осы уақыт ішінде қала инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық негізін қалыптастыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды.

Жалпы ауданы 6,8 мың гектар болатын 13 нүкте анықталды. Оларды игеру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленіп, негізгі инженерлік құрылыстарды, магистральдық желілер мен көлік инфрақұрылымын салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.

Атап айтқанда, 120-дан астам жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, оның 102-сі жол инфрақұрылымына қатысты, қалғандары — су, электр және газбен жабдықтау жүйелеріне, сондай-ақ әлеуметтік және әкімшілік нысандарға арналған.

Ал Алатау экономикалық аймағының дамуын қолдау үшін China Regional Development & Planning Institute консалтингтік компаниясымен келісім жасалды. Шэньчжэньнің табысты тәжірибесін қазақстандық жағдайға бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беруді жүктеді.

 

Коллаж: Kazinform/ Canva

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT