«Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, сөз бастамас бұрын, оның анық-қанығын біліп алған абзал. Сіздің айтқан әңгімеңіз өзгеге зияны тиіп кетуі ғажап емес. Әсіресе, блогерлер арасында әлеуметтік желі арқылы контентін көтеру үшін шын-өтірігі аралас хабар таратуы жиі кездеседі. Сол ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын, тұтас шартарапты шарлап, әлемді әбігерге салады.
«Шерлок Холмстың» кейпіне енетіндер көп
Расында, кейінгі кезде көрінеу жалған ақпарат таратушылар жиілеп барады. Олар шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді. Өкінішке қарай, осындай әрекетке барып, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып, мәселенің «бояуын қалыңдатып» көрсететіндер бұл істеген істеріне түбі опық жеп, осы қылмыстық әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін көбіне түсіне бермейді.
Жалған ақпарат мәселесі негізінен әлеуметтік желілер мен сайттарға байланысты болып отыр. Жылт еткен дүниені жылдам жариялаймын деп жаныққандар ақпаратты тексерместен жұртқа ұсына қояды. Оны тағы бір сайт іліп алып кетеді. Осылайша жалған мәлімет жарты сағатта жер әлемді шарлап шығады. Жалған ақпарат таратудағы басты мақсат – халықтың назарын аудару, адамдарды өтірікке сендіру, қоғамда тұрақсыздық тудыру. Сонымен қатар, фактілерді табу – жалған ақпаратқа қарсы тұрудың құралы. Алайда нақты фактіге қол жеткізу қиын. Өйткені олар негізінен ғаламтор арқылы таратылады және ол жерден дереккөзді табу кейде мүмкін болмайды.
Оқыс оқиғаға куә болған адам жедел түрде бейнежазбаға түсіріп, лезде тіркелушісі көп танымал парақшаның әкімшілеріне жолдайды. Байыбына бармай жазылған ақпарат желі қолданушыларын «Шерлок Холмстың» кейпіне енгізеді. Өйткені нақты ақпаратқа жетпей, жарты жолдан естіген «ақпараттар» өкінішке қарай оқырман үшін өтімді болып отыр. Себебі жеңіл әрі алып-қашпа мәтіндегі мессендждер тұтас аудиторияны жаулап алатынын практика дәлелдеп отыр.
«Kaspi шотындағы ақшаны дереу шешіп алу керек»
Жыл басында «Kaspi шотындағы ақшаны тез арада шешіп алу керек, алдағы уақытта проблемалар болады. Әйелім дүкенде істейді, оларға да шоттарынан ақшасын шешіп, қолма-қол ұстап жүру керек екенін айтқан» деген сарында ақпарат тарады. Әсіресе WhatsApp-та жылдам тарап, чаттарда өзгеріске ұшырап, қауесетке айналып кеткені де бар. Кейін Kaspi.kz ақпараттың шындықа жанаспайтынын хабарлап, банк жұмысында еш қиындықтың жоқтығын айтты.
Бұл банктің қызметі жайлы фейк жиі тарағанымен олардың ешбірі шынайы ахуалды сипаттамайды. Мәселен өткен жылдың желтоқсанында банктің мобильді қосымшасына алаяқтар мен хакерлердің кіріп кеткені жайында ақпарат тараған-ды. Дәл сол жылдың басында Kaspi-ге салған ақшаның жоғалып кететіні жайында да фейк ақпарат тарады. Сондай-ақ, банктың жабылатыны туралы ақпарат пен кибершабуылға ұшырағаны туралы түсініксіз мәтіндер WhatsApp-та тарады. Соған сәйкес банк алаяқтықпен әрі жалған ақпаратпен күресу үшін ресми парақшаларына әрдайым алаяқтық схемасын жариялап, оларды әшкерелеуге шақырады.
Статистиканы сөйлетсек, былтыр еліміздегі интернет-платформаларда жалған ақпарат таратудың 278 фактісі анықталған. Оның 247-і kaztag.kz, caravan.kz, ulusmedia.kz және басқа да сайттарда таратылған. Ал, «Facebook» желісінде – 83, «Instagram» желісінде – 74, «Telegram» желісінде – 56, «Tiktok» желісінде – 7, «Youtube» хостингінде – 27, интернет-ресурстарда таратылған 31 жалған ақпарат бар.
Күн сайын бір фейк-ньюс таралады
«Қазақстанның жерлері қытайлықтарға жалға беріле бастады» деген ақпарат та елді дүрліктіріп, халықты алаңдатқаны белгілі. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары Қытай сайттарында телімдердің бағасы жазылған хабарландырулардың көп екенін айтқан. Онда Қазақстаннан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қанша жылға және қандай бағаға жалға алуға болатындығы да көрсетілген екен. Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ақпаратты жоққа шығарып, жалған мәлімет екендігін растады.
Пандемия кезінде де жалған ақпараттар көп тарады. Мұндайды көрмеген халық есеңгіреп, әрнәрсеге сенгіш болды. Бұл жағдайды да өз мүддесіне пайдаланғандар кездесті. «Жарылғыш зат қойылды», «Тегін тамақ таратады» деген жалған ақпараттар әсіресе Whatsapp желісіндегі чаттарда жылдам таралады. Ал былтыр Махамбет ауданының тұрғыны әлеуметтік желге Ортақшыл ауылының тұсында әуеден су шашып жүрген тікұшақтың видеосын телефонына түсіріп, «Вирус шашып жүрген жоқ па?» деген сыңайда әңгіме айтып, ғаламтор желісіне жүктеген еді. Желі қолданушылары әрі-сәрі күйге түсірген бейнежазбаға қатысты «Қазавиақұтқару» АҚ баспасөзі қызметі ресми мәлімдеме жасап, шартты түрде өрт сөндіру бойынша жоспарлы оқу-жаттығудың барысын екендігін айтып, тұрғындарды жалған ақпарат таратапауға шақырған.
Айта берсек, мысал көп. Халық күн сайын бір фейк-ньюстің құрбаны болып жатады. Ал Еуропа, Америка елдері ақпараттың ақ-қарасын ажыратуда бізден көші ілгері. Олар қаншама зерттеу мен тәжірибе жасады. Ақыр соңында жалған ақпаратпен күресудің оңтайлы әдісін тапқан. Ал бізде айыппұл салып, айыпталушыны бейнежазбаға түсіріп, «Халықтан кешірім сұраймын» деген сыңайдағы әңгімесімен қазанның қақпағын жаба салады. Қателіктен сабақ алса жақсы, алмаса ше?!
Бүгінгінің адамы кез келген ақпаратты алысқа бармай-ақ таба алады. Ол үшін қолындағы телефонға үңілсе жеткілікті. Қолданыстағы гаджеттерге күніне қаншама ақпарат келіп түсетінін барлығы жақсы біледі. Оның қаншасы жалған екендігіне де көз жеткізбей жататындар көп. Өйткені біз қарым-қатынас жасау үшін, өмір сүру үшін ақпаратқа тәуелдіміз. Ақпарат қоғамның санасына әсер ету үшін аса қажет қару. Сол үшін шынайы, дер кезіндегі және дұрыс жеткізілген ақпаратты ғана қабылдау маңызды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ