Айдар САБЫРОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті: «Білімді елдің еңсесі биік»

Биылғы жылдың 11 қаңтары күні Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн»,-деді.

Сондай-ақ, Президент өз сөзінде: «Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдылықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет»,- деп атап көрсеткен еді.

Өткен тарихқа көз жіберсек, XIX ғасырдың ортасында Қытайды отарлап алған ағылшындар жоғары білімді дәрігер жігітіне сұрақ қойған көрінеді. «Күші аз ел күші мықты елді қалай бағындырады?». Сонда, қытайлық жігіт: «Күші мықты елді күші аз ел өз білімімен және рухымен бағындырады»,- деп жауап беріпті. Бұдан шығатын түйін, кез келген ұлттың ең алдымен ұлттық білімі және ұлттық менталитеті мықты болуы керек.

Қазіргі жағдайда біздің елімізде сапалы мамандарды ұстап қалуға аса қатты мән берілмейді. Сондықтан, Қазақстанның «ақылды бастары» шет мемлекеттердің әлеуметтікэкономикалық әлеуетін көтеруге атсалысып жүр. Қазақстан әлемдік білім деңгейі бойынша 30 елді еске алмағанның өзінде, 50 елдің де қатарында емес. 57-ші орындамыз.

Президенттің айтуы өте орынды. Батыстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашқан кезде ең алдымен материалдық-техникалық базасына мән беру керек. Екіншіден, әлем мойындаған ғалымдар дәріс оқып, практикалық тағылымдама өткізу қажет. Үшіншіден, аталған филиалдарға Қазақ елінің ең талантты, дарынды жастары оқуға қабылданғаны дұрыс және олардың ЖОО – ын бітіргеннен кейін, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық потенциалын көтеретіндей патриот маман болғандары аса маңызды. Әрине, ол үшін болашақ жас мамандарға ең алдымен толыққанды жағдай туғызуымыз қажет. Содан кейін ғана индустриалды-инновациялық еңбекті талап ете аламыз. Алаш ардагері Әлихан Бөкейхановтың айтуы бойынша «Халыққа қызмет етуде тек білім ғана емес, мінез де керек»,- деген сөзін ұмытпағанымыз абзал!

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521