Көркем гимнастикадан Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алған қазақстандық Айбота Ертайқызы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құрлықтық біріншіліктегі бәсекелестік деңгейі туралы айтып берді.
- Айбота, қазіргі уақытта сіз құрамада ең тәжірибелі спортшылардың бірі болып саналасыз. Бұл жауапкершілікті сезінесіз бе?
- Иә, белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті сезінемін. Дегенмен қатты қысым жоқ. Өз жұмысымды жақсы орындауға және қажет кезде команданы қолдауға тырысамын. Бұл – өте маңызды деп ойлаймын.
- Жақында ғана сіз үшін сәтті өткен Азия чемпионаты аяқталды. Өзіңіздің өнеріңізді қалай бағалар едіңіз? Жоспарлағаныңыздың бәріне қол жеткізе алдыңыз ба?
- Шыны керек, өзіме 50 пайыз ғана ризамын. Иә, жақсы сәттер болды, бірақ мен бәрін тұрақты түрде жасай алатыныма сенемін. Әрине, әрдайым үздік болғың келеді. Бірақ таспамен жаттығуда ойдағыдай өнер көрсетіп, алтын медаль алғаныма қуаныштымын.
- Жалпы чемпионат сіз үшін қалай өтті? Қиындықтар болды ма?
- Азия чемпионаты эмоцияға толы болды. Қысым мен жауапкершілік сезілді. Психологиялық тұрғыдан да қиындықтар болды. Алайда, бапкерімнің қолдауының арқасында бұл қиындықтарды жеңіп, маңызды жаттығуларда өзімді қолға алдым.
- Қазіргі уақытта өз бабыңыздасыз ба? Әлде жетпейтін тұстарыңызды әрі қарай дамыту қажет пе?
- Қазір бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бірақ өз бабыма жету үшін әлі де көп еңбектену керек. Бағдарламаның күрделілігі, орындау сапасы, көркемдік жағынан әлі де өсуге мүмкіндік бар. Бапкеріммен бірге жетілдіруді қажет ететін нақты тұстарды анықтап, сол бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Маусым әлі аяқталған жоқ, бәрі алда.
- Құрлық біріншілігіндегі бәсекелестік деңгейі қалай болды?
- Бәсекелестік өте жоғары. Басқа елдердің қыздары өте мықты бағдарламалар көрсетіп жатыр. Азияның деңгейі жыл сайын артып келеді. Көшбасшылар қатарынан көріну үшін үнемі даму үстінде болу қажет.
- Қазір дайындық қалай өтіп жатыр? Биылғы басты жарыстар туралы айтып берсеңіз?
- Қазір біз тұрақтылыққа және қалыпқа келуге көп көңіл бөліп жатырмыз. Маусымның дәл ортасы болғандықтан, жүктелген міндеттер мен демалыстың арасындағы тепе-теңдікті сақтап жүрміз. Биыл мен үшін басты жарыс - Бразилияда өтетін әлем чемпионаты. Ал ең жақыны - бір айдан кейін Германияда болатын Универсиада.
Фото olympic.kz