АЭС салу мәселесі: Тоқаев республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды

2024 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жарлық мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілсін.
2 Республикалық референдумға: "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сауал шығарылсын.
3 Осы Жарлық 2024 жылғы 3 қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.
4 Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.
5 Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
"Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді", делінген құжатта.

Айта кетсек, бүгін, 2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. Өз Жолдауында Президент:

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын, деген еді.

Президент бұл ретте жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж екенін баса атап өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT