АЭС құрылысы елімізді халықаралық деңгейге шығарады

Қазақстан Халық партиясы ел аумағында АЭС салу мәселесіне қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Партияның ресми хабарламасында жақын арада біздің алдымызда мемлекет үшін өмірлік маңызы бар мәселе – Қазақстанда алғашқы атом энергетикалық станциясын салу бойынша шешім қабылдау міндеті тұрғаны жазылған.

"АЭС салу бойынша референдум өткізу маңызды экономикалық қана емес, сонымен қатар ауқымды саяси қадам болып та саналады. Жаңа Қазақстанның қағидаттары мен "халық үніне құлақ асатын мемлекет" стратегиясы билік пен халықты біріктіруге бағытталған. Демек, аталған мәселе бойынша соңғы шешімді бірге қабылдаймыз. Қазақстан Халық партиясы осындай ауқымды шараға өз үлесін қосып, қазақстандықтардың ел болашағы үшін ұтымды әрі оңтайлы таңдау жасауына бағытталған қажетті ұйымдастырушылық, ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын", - делінген үндеуде.

Қазақстан Халық партиясы АЭС құрылысы Қазақстанды халықаралық деңгейге шығарады деген пікірде.

"Былтыр Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) сарапшылар миссиясы мен ҚР Үкіметі арасында 2023-2028 жылдарға арналған елдік негіздемелік бағдарламаға (Country Programme framework) қол қойылды. Қазақстанның өзінің алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отырған ел ретіндегі мәртебесін ескере отырып, жоба МАГАТЭ және атом электр станцияларын пайдаланатын ұйымдардың Дүниежүзілік қауымдастығы (АЭС ДҚ) тарапынан қатаң халықаралық бақылауда болады. Алдағы уақытта Қазақстан атом энергетикасы бойынша өз мамандарының мектебін құруы тиіс. Бұл жолда бізге Батыс Еуропа, Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің табысты тәжірибесі негіз бола алады. Ал Қазақстанда уран шикізатының өзіндік қоры және оны отынға қайта өңдеу технологиясының бар екенін ескерсек, бейбіт атомның біздің елімізде болашағы зор", - делінген хабарламада.

Біздің қоғам радиофобиядан арылуы керек, делінген үнлеуде.

"Тұтас бір өңір тұрғындары қатты зардап шеккен Семей полигонының қасіретін ешкім жоққа шығармайды. Алайда, әскери қару-жарақ эксперименттері мен дәлелденген технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудың арасындағы айырмашылық жер мен көктей! Чернобыль және Фукусима атом электр станцияларының тағдырын меңзеп, АЭС-ті қауіпті деп тану да орынсыз. Қазір әлемде 200-ге жуық атом станциясы жұмыс істейді, оның құрамына 400-ден астам энергоблок кіреді. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған екі станцияда үлкен апат болғаны рас. Бірақ оған негізінен ескірген технология мен адами фактор себеп болды. Ал біз әлі де қорқамыз", - деді Қазақстан Халық партиясы.

Үндеуде әлемнің әртүрлі елінде елуден астам атом энергоблоктар салынып жатқаны айтылған.

"Соңғы шешім күзде, ұлттық референдумда қабылданады. Шешімді біз бәріміз, тұтас Қазақстан халқы қабылдайды. Оған және оның алдағы салдарына біз және біздің балаларымыз жауапты боламыз. Осы ретте халқымыз өзінің ең асыл қасиеттерін – патриотизм, азаматтық сана, рационализм және объективтілік танытуы тиіс. Өткен шақты ойлап, қорқынышпен өмір сүруді доғаруымыз керек! Саяси инфантилизмнен арылатын уақыты келді! Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! АЭС Қазақстанға қажет", - делінген партия үндеуінде

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT