Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр.
Қауіпсіздік жағынан да, экономикалық тұрғыдан да қоғамымызға қауіп төндірер, орасан зор кесел келтірер осынау келеңсіз, әлеуметтік құбылысқа қарсы шараларды қатаң қолға алатын мезгіл әлдеқашан жетті. Осы жерде, заңда тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілгеніндей, мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу сыбайлас жемқорлық болып есептелетінін айта кеткім келеді.
Бұл бағытта 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы департаментімен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жүзеге асырылып келеді. «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсенің жұмысы билік пен халық арасындағы түсіністікті қалыптастыратын алаң деп атауға болады. Өңірімізде тұрғындардың кең қолдауына ие болған өткен жылы құрылған «Атырау –адалдық алаңы» жобасы мемлекетіміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасы негізінде жүргізіліп жатырған жоба.
Жобалық кеңсенің басты мақсаты - тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыруда біз ең біріншіден, мемлекеттік қызметке арнайы мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныс білдіреміз. Яғни бұл жоба халық үшін кедергісіз ортаны қалыптастыруды көздейді. Бүгінде 2020 жылы өз жұмыстарын жалғастырған «Адалдық алаңы» халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды десем де қателеспес едім.
Осы мақсатта жобалық кеңсе негізгі 7 бағыт бойынша жұмыс жасайды:
• Білім
• Денсаулық
• Тұрғын үй- комуналдық шаруашылығы, жолушылар көлігі және автомобиль жолдары
• Тұтынушылардың құқығын қорғау
• Мемлекеттік қызмет істері
• Жолаушылар тасымалы
• Әлеуметтік қорғау Осыған сәйкес жергілікті әкімдік тарапынан да жеткілікті материалдық қолдау көрсетілуде.
«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салаларында туындауы мүмкін құқық бұзушылықтың алдын-алу, олардың жолын кесу және болдырмау бағытында ішкі талдаулар мен қоғамдық бақылаулар жүргізуде.
«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Махамбет аудандындағы өкілі ретінде 2020 жылдың маусым айында тағайындалған уақыттан бастап сыбайлас жемқорлық мәселелерін тиімді шешуге бағытталған адамдардың стандартталмаған тәсілдері, шығармашылығы, бастамасы негізінде қоғам мен билік орындары арасында тығыз қарым-қатынасты орната отырып, қордаланған өзекті мәселелер мен әлеуметтік тақырыптарды шешу ісіне араласып келеді. Жол мәселесі, денсаулық сақтау саласына және ойын алаңдарындағы келеңсіздіктер, жалпы аудандағы жұмыссыздық, жастардың жұмысқа орналасу мәселелері жөнінде «Аудандық Жұмыспен қамту орталығы» мекемесіне, дәрі -дәрмектің жетіспеушілігі және т.б. мәселер бойынша қоғамдық бақылаулар жүргізілді.
Атап айтар болсақ, «Сапалы жол» жобасы бойынша «Атырау-адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсесі және Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе 24 шілдеде Махамбет ауданындағы Сартоғай-Бала Ораз ауылдарының арасында төселген ұзындығы 1,4 шақырым тасжолға, аудандық әкімдік жанынан құрылған мониторинг топпен бірге Ақтоғай ауылының ауылішілік жолдарына,аудан әкімдігінің телеграм чатына келіп түскен арыз-шағымға байланысты ауданға қарасты Бейбарыс ауылдық округінің Б.Момышұлы көшесіне салынып жатқан жолына сапасын бақылау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізді.
«Антикор Live» жобасы аясында Жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен 8 шілдеде елімізде болып жатқан жағдайларға байланысты Денсаулық саласына қоғамдық бақылау бағытында «Аудандық аурухананың ахуалы» қандай тақрыбында Махамбет ауданы аурухана директорының уақытша міндетін атқарушы Елдос Ерсайынұлымен және 11 шілдеде аудан әкімі «Жаһанды жайлаған індет кезіндегі аудан ахуалы» тақырыбында Жәрдемғали Бахуұлымен, 2 қыркүйекте «Білім беру мекемелеріндегі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр» тақырыбында Махамбет аудандық білім бөлімі басшысы Айгүл Бердешқызымен тікелей эфир жүргізген болатын.
Аудан әкіміне қордаланған тақырыптар бойынша ұсыныстар берілді. Жобалық кеңсенің негізгі мақсаттарын орындауда жергілікті әкімдіктің қызметін «сервистік әкімдік» форматында жасақтау үлкен көмек болатыны сөзсіз. Өйткені, мемлекеттік қызмет көрсетудің басым бөлігі жергілікті атқарушы органның үлесіне тиетіндіктен бұл жұмыстың ашық болуы, қолайлы ортада жүзеге асырылуы сыбайлас жемқорлық алғы шарттарының жойылуына мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың аталған тапсырмаға сәйкес қараша айының алтысында аудан әкімдігімен бірге Президенттің тапсырмасына сәйкес халық пен биліктің ашықтығын қалыптастыру мақсатында «Ашық әкімдік» ашылды. «Ашық әкімдіктің» басты мақсаты - жемқорлықпен күресіп,кәсіби қызметтің ашықтығын қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру. Аудан тұрғындары ендігі кезекте әкімдіктің дәлізін жағалап,әр есікті бір қағып,табан тоздырмай,осы жерге келіп, өздерінің мазалаған сұрақтарына жауап ала алады.
Заң бұзушылықтың ең өрескел түрі саналатын жемқорлықпен күрес мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Десек те еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті үздіксіз және үнемі жүргізуі тиіс.
Айбек СИРАШ,
аудан әкімінің сыбайлас жемқорлыққа
қарсы мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі,
«Атырау адалдық алаңы»
Махамбет аудандық жобалық кеңсе өкілі