«Аға, келісейік. Мә, 5 мың теңге»

Жаз мезгілінің кешінде көлігімнің майын тексеріп, оны-мұны жерлерін қарап жатқанмын.

Анау жерде көршілер орындықтарына жайғасып, әңгіме-дүкен құрып отыр. Ойнайтын басқа жер жоқтай балалар қараасфальттың үстінде ойнап жүр. Бірақ шынымен де жоқеді. Болса да бізден бір-екі көшеден кейін болатын. Содан 4-5 жасар екі бала біздің үйдің алдына келіп, сөйлесіп тұр екен.

Бірі шайтанарбаға мінген, екіншісі оны тоқтатып тұр. Тоқтатып тұрғаны жол-патрульдік полиция қызметкерінің рөліне еніп алыпты.

«Сен ереже бұздың, көліктен түс!»,-дейді ЖПП қызметкері. Екіншісі де қалысар емес. «Аға, келісейік. Мә, 5 мың теңге»,- деп қолына кәмпиттің қағазын ұстатып жатты. Сөйтіп, екеуі өзара келіскеннен кейін көшені басына көтеріп шулап жүрген өзге балаларға қарай зулай жөнелді. Мен басымды шайқадым да қойдым.

Бұл оқиға сол кезде езуге күлкі үйіргенмен, қазір ойлап отырсам, мұның барлығы балалардың үйдегі тәрбиесіне, полиция қызметкерлеріне көзқарасына, сыбайлас жемқорлық туралы түсінігіне байланысты туындаған дүниелер екен. Әйтпесе кіп-кішкентай балақайлар «ақша сұрауды», «ақша беруді» қайдан біледі? Расында әкесі балаларының көзінше жолдасына дастархан басында өзінің жол ережесін бұзып, оны ақшамен шешкенін айтқанының өзі бала болашағына кері әсер етеді. Себебі, есейіп келе жатқан балақайлар айналада болып жатқан дүниелерді есіне тез сақтап, көкейіне түйіп өседі. Бұрын үлкендер балалардың естіп-білуі маңызды емес әңгімелер мен мәселелерді «айтқан жерден аулақ, мал құлағы – саңырау» деп жауып тастап отырған екен. Осыны қазіргілер ұқса игі.

Отбасындағы тәрбиеге ғана әкеліп тіреп қоюға да болмас. Қолы әр нәрсені ұстауға икемге келгеннен бастап бүлдіршіндер телефонға телміреді. Қазір осы бірі «құдіретті» дүниені балаңызға ұстатпасаңыз, бір орында отырмайтыны, жылайтыны тағы бар. Сол телефонның ішінде TikTok, YouTube, Instagram секілді желілерге оңай қосылатын олар бала-полицейдің де видеосын көріп алып, өздері де сондай «ойынды» ойнап көргісі келіп жүрген де шығар. Бірі білер, бірі білмес, бір кездері әлеуметтік желілерде пара алғыш кішкентай полицейдің видеосы тез таралып кеткен еді. Кадрда шамамен 7-9 жастардағы балақай полиция формасын киіп, көлік жүргізушісінің құжаттарын тексеріп жатады. Ереже бұзған жүргізушіге пысық полицей «істі» осы арада шешіп тастауды ұсынады. Тараптар ортақ бағаға келіскеннен кейін «сауда-саттық» та аяқталады. Біздің үйдің алдында орын алған «оқиғамен» дәлме-дәл сәйкес келіп тұр емес пе?! Бүгінде, балаларға көп нәрсені өзіміз апарып, таңып-танытып жүргендейміз. Оларға жемқорлықтан жирену туралы айтудың орнына, керісінше әліппесін үйретіп жатқан жоқпыз ба?!

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521