5 пошташы бір күнде жұмыстан бас тартты

Ауданымыздың күн сайынғы тыныс-тіршілігімен қатар әр түрлі оқиғалар мен күрмеуі қиын мәселелерді қалың бұқараға жеткізуде газетіміздің алар орны айрықша екені белгілі. Аудандық газеттен қол үзбей, әр санын асыға күтетін тұрақты оқырмандарымыз өткен аптада редакциямызға келіп, енді бірі телефон арқылы хабарласып, «газет неге кешігіп жатыр?» деген сұрақтың астына алды.

Елімізде төтенше жағдай орын алғанына қарамастан елге шынайы ақпараттың дер кезінде жетуі үшін қызмет етіп отырған баспасөз өкілдері дайындаған газет-журналдың таратылмай отырғаны бізді де алаңдатпай қоймады. Мәселенің мәнісін анықтау мақсатымен жауапты мамандарға хабарласып, тұрғындарға газет-журналдың уақытында таратылмауының себебін түсіндіріп беруді сұрадық.

Әлбетте, газетті дайындайтын редакция ұжымы болғанымен, оны таратуды жергілікті «Қазпошта» бөлімшесі міндетіне алған. Бұл жағдайдың орын алуы да осы бөлімшедегі бес бірдей пошташының өздеріне жүктелген міндетті атқарудан бас тартуынан туындап отырғаны белгілі болды. Пошта тасушының жұмысы оңай емес әрине. Оған күш-қайрат, ауа-райының ыстығы мен суығын көтере алатын денсаулық та керек-ақ. Күнделікті нәпақасын тауып отырған жұмыстан бір күнде бас тартуының себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын білмек ниетпен, пошташылардың өздерін әңгімеге тарттық. Айтуларынша, газет тарифінің түсетіні жайлы оларға алдын-ала ескертілмеген екен.

- Наурыз айының 1-інен бастап газет тарифінің түскенін 17-сі күні бір-ақ білдік. Бұрын штатта жұмыс жасағанда жалақымыз 60 мың теңгені құрады. 2018 жылы сағатымызды қысқартып, жалақымызды 48 мыңға азайтты. Оған келісуден басқа амалымыз қалмады. Ал өткен жылдың қараша айынан бастап, жалдамалы қызметкер ретінде қайтадан келісімшартқа қол қойдық. Жалдамалы жұмысшы болғандықтан еңбек демалысы, еңбекке уақытша жарамсыз деген күндері де берілмейді. Еңбек шарты бұзылғаны туралы бұйрық қолымызға тимей, Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеле алмай отырмыз, - дейді бір топ пошташы.

Осылайша, аудан халқына газет-журнал, хаттары уақтылы жеткізілмей, пошташыларсыз қалғанына он күнге жуық уақыт өтті. Өкінішке орай, бұл қызметке қызығушылық танытушылар да табылмай отыр. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Сайын Қожырақовтың айтуынша, «Қазпошта» бөлімшесінен түскен сұранысқа орай жұмыссыздар есебінде тұрған он сегіз адамға пошташының жұмысы ұсынылғанымен, бұдан барлығы дерлік бас тартқан. «Орталық тарапынан ұсынылған тұрақты жұмыстарға бармағандардың бас тартқаны жөнінде жазған қолхаттары негізге алынып, олар жұмыссыздар есебінен шығарылатын болады» дейді ол.

- Күні бүгінге дейін жұмысқа қызығушылық танытып келген 3-4 адам болғанымен, олардың арасында жұмысқа ұмтылып тұрғаны болмады. Әңгімелесу барысында бірі денсаулығын алға тартса, екіншісі кішкентай сәбиі барын айтып, енді біреулері отбасыммен ақылдасып, ертең келемін деп ат ізін салмай кетті. Жұмысты қиынсынды ма, әйтеуір осындай себептерін айтып, бас тартуда, - дейді аудандық «Қазпошта» бөлімшесінің меңгерушісі Айжан Аймишева.

Бүгінгі таңда ақпарат алмасу құралдарының қаншама түрі қолданысқа енді десек те, газет-журнал сәл кешіксе хабарласып, әр санын іздеп отыратын оқырмандарымыздың бары біз үшін зор мәртебе. Сондықтан, бүгінгі қоғамдағы орны мен құндылығының жоғалмай, оқырмандардың айнымас серігіне айналуы үшін газет-журналдардың уақытында жеткізілуі маңызды міндеттің бірі болып қалмақ. Олай болса, «Қазпошта» бөлімшесі тарапынан бұл мәселе тездетіп шешімін табуы тиіс.

Б.САПАРОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT