Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына» сәйкес сайлау алдындағы үгітті жүргізу 2022 жылдың 21 қазаны сағат 18.00-ден кейін басталып, 2022 жылдың 19 қарашасы сағат 00-00-ге дейін жалғасады.
Атырау облысы бойынша кандидаттарға сайлаушылармен кездесулері үшін 88 үй-жайлар белгіленді. Барлық кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 144 орын белгіленіп және оларды стендермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырылды. Бұл ақпараттар аумақтық сайлау комиссияларының atyrau.gov.kz сайтында орналастырылған. Кандидаттардың Атырау облысында 2022 жылдың 21 қазандағы жағдайымен 566 сенім білдірген адамдары тіркелген. Сайлау алдындағы үгіт үш жолмен жүзеге асырылады:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу арқылы;
3) баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы. БАҚ арқылы үгіт. Үгіт материалдарын орналастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары 16 қазанға дейін төлем мөлшері, эфир мен баспа алаңын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді жариялауға, сондай-ақ Ортсайлаукомға ұсынуға тиіс болды. Өз төлем мөлшерлерін ұсынбаған республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт материалдарын жариялау тыйым салынады.
Конституциялық заңға сәйкес шарттың талаптары қандай да бір кандидатқа артықшылық бермеуге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың сайлау науқанын объективті жариялауды жүзеге асыруға, кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, Республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, таптық және рулық алауыздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сонымен қоса заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құрылымдар құру идеялары болған жағдайда жариялаудан бас тартуға міндетті. Үгіт жүргізудің екінші тәсілі - сайлау алдындағы жария іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы.
Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау комиссиялары ЖАО және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, кандидаттардың сайлаушылармен бөлінген үй-жайда кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Үгіт жүргізудің үшінші тәсілі - баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы. Сайлау туралы заңға сәйкес барлық үгіт материалдары таңбалануы керек. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде үгіт баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарды таратуға тыйым салынады. Қоғамдық пікірге сауал салу және экзит-поллды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы. Олар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Ортсайлаукомға жазбаша түрде алдын ала хабардар етуге тиіс. Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде БАҚ сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi. Сайлау туралы заңмен сайлау алдындағы үгіт жүргізуге: мемлекеттік органдарға, әскери қызметшілерге, сайлау комиссияларының мүшелеріне, діни бірлестіктерге, шетелдіктерге тыйым салынады.
Сайлаушыларға тауарларды, қандай да бір қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдікті шарттармен ұсыну, сондай-ақ лотереяларды, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу не оларды беруге уәде беру сайлау алдындағы жөнсіз үгіт болып табылады. Сайлау алдындағы жөнсіз үгіт жүргізуге тыйым салынады. Сайлау күні және оның алдындағы күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Сайлау алдындағы үгіт мерзімдері, тәртібі мен шарттарына қатысты талаптар бұзылған жағдайда құқықтық жауапкершілік көзделгенін, ал кандидаттарға қатысты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға әкеліп соқтырады.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы