«111» мәселені шеше ме, әлде ушықтыра ма?

Батыстың заңы бізге керек пе?

Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуіне байланысты депутаттардың бастамасымен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы жасақталып, 23 қыркүйек күні алғашқы қаралымда мақұлданған болатын. Алайда бұл заң жобасы жарияланбай жатып заңгерлер мен белсенділердің, ата-аналардың қарсылығына ұшырап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сонымен жаңа заң жобасында не айтылған?

«ЮГЕНДАМТ» ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Заңгерлердің айтуынша, жаңа заң жобасы Германиядан көшіріліп алынған. Бұл елде жасөспірімдер құқын қорғауға арналған «Югендамт» атты әкімшілік осы заңның орындалысын қадағалайды.«Югендамттың» негізгі міндеті жас нәрестеге дүниеге келген сәтінен бастап қолдау көрсету болып табылады. Әсіресе, тәжірибесі аз жас отбасыларға көмек көрсетеді. Бала өсіп, балабақша мен мектепке барған кезінде де осы әкімшіліктің қадағалауында болады. Баланың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуы үшін салауатты өмір салтын сақтау, мамандықты дұрыс таңдау, өз құқын қорғай алу бағытында ақыл-кеңес ұсыну да Югендамттың міндетіне жатады. Германия заңында баланы қандай да бір жолмен жазалауға қатаң тыйым салынған. Сол себепті, егер ата-ана мен баланың арасында келіспеушілік орын алса, аталған әкімшілік баланың жанынан табылады. Егер бала сол келіспеушілікке бола ата-анасымен тұрғысы келмейтінін айтса, қанша жерден толыққанды отбасы болса да әкімшілік баланы өздерімен бірге алып кетуге құқылы. Тіпті баланың өзі шағымданбай-ақ, көршісі немесе танысы ата-анасының балаға ұрсып жатқанын немесе баланың жылаған дауысы шығып жатқанын хабарласа да Югендамт қызметкерлері жетіп келіп, мәселені майшаммен қарауға кіріседі. Егер баланың денесінен қандай да бір көгерген, жырылған белгіні байқаса, дереу құзырлы орынға хабарлап, баланы өздерімен бірге алып кетеді. Одан соң ата-ананы тергептексеру басталады. Сондай-ақ, баланы жарты сағатқа болса да үйде жалғыз қалдыруға , тіпті ата-әжесімен де қалдыруға болмайды. Аналар қайда барса да баланы өзімен бірге алып жүреді. Ал жұмысқа шыққан жағдайда балаларын міндетті түрде медициналық білімі бар бала күтушіге қалдырады. Сондай-ақ, баланың жеке бөлмесі болуы міндетті.

БАТЫСТЫҢ ЗАҢЫ БІЗГЕ КЕРЕК ПЕ?

Жаңа заң жобасының ғасырлардан беріқалыптасқан қазақы дәстүрімізге қайшы келетінін, бұл заң жобасын қабылдау отбасылық құндылықтарымызға қауіп төндіретінін айтып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы да дабыл қағып жүргендердің бірі – Қазақстан ата-аналар одағының өкілі, құқық қорғаушы Бағила Балтабаеваның айтуынша, жаңа заң жобасында түсініксіз баптар мен тармақтар көп көрінеді.

-Елімізде тұрмыстық зорлық зомбылық көбейіп келе жатқаны рас. Сондықтан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатайту – кезек күттірмейтін мәселе. Алайда Қазақстанда екінің бірі қатыгез емес екенін де ескеру қажет. Тұрмыстық зорлықзомбылықтың себебі неде екенін анықтап, дәйегін тауып соны емдеу керек. Депутаттар дайындаған жаңа заң жобасының қазақы менталитетімізге сәйкес келмейтін тұстары жетерлік. Жеті атадан қыз алыспай, қан тазалығын сақтаған қазақ халқының бала тәрбиелеуде өзіндік ережесі қалыптасқан. Бізде үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, әкенің қабағынан ығысу секілді құндылықтар бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Онсыз да ғаламтор мен гаджеттен бас алмай, батыстың мәдениетіне еліктеуге бейім ұрпақ көбейіп келе жатқан тұста бұл заңды қабылдайтын болсақ, ата-ана мен баланың арасындағы сыйластыққа орасан зор нұқсан келеді. Мен шетелден көшіп келген бір отбасыны танимын. Әкесі де, шешесі де – қазақ. Төртінші сыныпта оқитын оқушы қыз шашын түрлі түстерге бояп, бір жағын қырып тастап, екінші жағын өсіріп қойған. Баламен сөйлесіп, неге бұлай жасайтынын сұрағанымда, «Это мое право» деген жауап алдым. Батыстың мәдениетін бойына әбден сіңіріп алған бала да, оның ата-анасы да менің сөздерімді тыңдағылары келмейді. Шетелдегідей өз құқығын алға тартып, ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ қалыптастырудың бізге қажеті жоқ, – дейді Б.Балтабаева.

Ал, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр Әлжаппар жаңа заң жобасында баланы ата-анасынан тартып алу учаскелік полицейдің құзырына беріліп отырғанын айтады.

-Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Егер бала 111-ге қоңырау шалып, шағымданса немесе көршісі хабарласса, учаскелік полицей баланы алып кетеді. Ата-ана баланы қайтару үшін сотқа жүгінеді. Сот процесі біткенше бір ай уақыт өтеді. Сот шешімі ата-ананың пайдасына шыққан жағдайда да үкім күшіне енгенше тағы бір ай уақыт кетеді. Осыншама уақыт бала балалар үйінде немесе басқа отбасында болады. Баланы айрандай ұйып отырған отбасынан айырып алып кетудің өзі үлкен стресс емес пе?! Заң жобасының атауы зорлықзомбылыққа қарсы іс-қимыл деп аталғанымен мазмұны атауына мүлде қарама-қайшы. Бұл заң қабылданса қазақы болмысымыз жойылады, – дейді М.Әлжаппар.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

«Қорғаншы және қамқоршы орган» әдіскері Айтөре Әбенованың айтуынша, Қазақстан Республикасының отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады делінген. Алайда, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»№ 518-ІV Кодексінің бірқатар талаптарына қарама-қайшылығы ескерілмеген. Тоқталып өтетін болсақ: Аталғанзаңның 2-бабының тарауларында, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасының негіздеріне:

1. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады;

3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік, деп көрсетілген.

Ал Мәжіліс депутаттарының мақұлдаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ісқимыл туралы» заң жобасының 7- бабы отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету субъектілерін қамтыған, яғни аталған баптың тармақтарына назар аударатын болсақ, жергілікті өзін –өзі басқару органдарынан бөлек, 3- тармақта отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер және 4- тармақта Қазақстан Республикасының азаматтарына отбасының ішкі мәселелеріне араласуға жол берілгендігін анық көруге болады. Әлемнің түкпір-түкпіріне жайлаған аурудан қаншама отбасы зардап шекті. Бірі отбасы, асыраушысы, арқа сүйер азаматынан айырылса, бірі балаларын әлдилеген аналарынан айырылып, рухани тұрғыдан да, тұрмыстық қажеттілік тұрғысынан да мұқтаждыққа тап болуда. Қала берді жұмыс орындарынан қысқартылып, жұмыссыз қалған қаншама отбасы бар? Осы тұрғыда тұрмыстық қажеттіліктерін өтей алмаған жағдайда балаларынан айыру шараларын жүргізу қаншалықты адамдыққа тән ісәрекет болады? Әрине отбасын тастаған жауапсыз әке, балаларынан безген безбүйрек аналарды да қоғам көруде, бұл қазағымызға жат еді, алайда бұған да бой үйренген. Өз баласының арын таптап, өміріне балта шапқандар да бар. Міне осы тұста заңның темірдей берік болғаны маңызды. Тиісті заң талаптарын күшейтіп, отбасын құрған әр ата-ананың,отбасы, балалары алдындағы жауапкершілігін күшейтуге көп күш жұмсалуы қажет. Ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуге құқығы бар және осыған міндетті, сондай-ақ атааналардың барлық өзге адамдар алдында баласын тәрбиелеуге басым құқығы қолданыстағы заңнамамен қорғалған.

«Не молчи KZ» қоғамдық қоры ұсынған 2020 жылдың 11 айында әйелдерге жасалған зорлықзомбылық статистикасы Кісі өлтіру – 128 жағдай; Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 372 жағдай; Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру – 327 жағдай; Ұрып-соғу – 6 781; Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 13 481; Отбасылық- тұрмыстық зорлық бойынша құқықбұзушылықтар –23 518; Берілген қорғау нұсқамалары – 73 335; Озбырлардың мінез-құлқына ерекше талаптар қою бойынша сот шешімі – 9 235 жағдай тіркелген.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Айнагүл ҚАРАБАЕВА,Қосарал орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы:

- «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының басты мақсаты – еліміздегі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды жетілдіру. Аталған құжаттағы жаңа нормалардың арқасында бүкіл ел көлеміндегі отбасылық жанжалдармен халық болып, қоғам болып күресуге мүмкіндік беріледі. Бұл ел халқының амандығын, денсаулығын, өмірін қорғау үшін маңызды. Сондай-ақ, ел болашағы - балалардың ертеңі, амандығы үшін де өте қажетті құжат саналады. Бұл заң қоғам үшін өзекті екенін айтқым келеді. Шынымен де, соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылық жайлы жиі сөз болып жүр. Кейбір азаматтар өзге отбасы мүшелеріне агрессиялық қарым-қатынас жасауды әдетке айналдырғанын естіп те, көріп те жүрміз. Бұл ең алдымен отбасында өсіп келе жатқан жас бүлдіршіндердің психологиясына кері әсер етері сөзсіз. «Отбасындағы ойран ойдағы елге жетпес» демекші, қазіргі кезде әр отбасында түрлі жанжал-ұрыстар орын алуда. Әрине, отбасы болғандықтан ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды деп өз-өзімізге басу айтқанмен де, қазіргі таңда ондай жағдайлар да шектен шығып бара жатқандығы бәрімізге мәлім. Күнделікті ақпараттық құралдарынан да отбасы мүшелерінің ауыр қылмысқа барып жатқандығынан хабардар болып отырмыз. Сондықтан да «қазаны басқаның, қайғысы басқа» деп тек өзімізді ғана ойламай, айналамыздағы адамзатты да ойлап, сондай жағдайға тап болған отандастарымыздың да қауіпсіздігін ойлау артық етпес деген ойдамын. Сондықтан да жоғарыда көтеріліп жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ісқимыл туралы» заң жобасы да қажет кезінде қабылданған құнды құжат деп есептеймін.«Отбасының амандығы мен қауіпсіздігі, отбасы негіздерінің мызғымастығы – біздің қоғамның басты құндылығы» екендігін әрдайым басты назарда ұстауымыз керек.

«Бұл заң қолданыста жүрген заң. Оған енді енгізілмекші түзетулердің басым көпшілігінде ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне қайшы келетін баптар бар. Пікірталас осы өзгертулер арасында болып жатыр. Біздің отбасымыздағы кейбір кикілжіңдерді шетелдік ұйымдардың ақылынсыз-ақ өзіміз шеше аламыз. Келесі аптада бір топ Парламент мүшелері осы заңға қатысты қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтармен кездесу өткізеді. Еліміз бен ұлтымыздың мүддесінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан бірлесе отырып жұмыс жасайтын боламыз, дұрыс шешімдер қабылданатынына сіздерді Парламент мүшесі ретінде сендіргім келеді» Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан.

ТҮЙІН

Қоғам белсенділері осылай дейді. Бірақ, Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының жетекшісі Айгүл Нұркина заң жобасының мақсаты – отбасылық құндылықтарды жою емес, зорлыққа ұшыраған жандарға көмек көрсету екенін айтады. Қандай да бір отбасындағы зорлық туралы шағым түссе, полиция алдымен барып үйде қалдыруға болмайтын жағдайда ғана баланы алып кетеді. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының дәл қазіргі уақытта қоғамда кең көлемде талқылануы, заңды әлі де зерделеудің, заңның баптары мен тармақтарын халыққа жете түсіндірудің қажеттілігін көрсетіп отыр.

Б.СҮЙЕУОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT