«Жиһанкез сырымен» бөлісті

Жуырда ауылымызда «Өркениет» жобасының аясында, Атырау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен танымал блогер, саяхатшы, психолог Динара Болат қонақта болды.

Небары 4 жылдың ішінде 30-дан астам алыс-жақын шет мемлекеттерді аралап, олардың салт-дәстүрін, мәдениетін, өмір сүру дағдысын зерттеп, рухани азық алып жүрген жиһанкез әйел көрген-түйгенін өз аудиториясында бөлісуден шаршаған емес. Бастысы ол өмірде өзінің сүйікті ісіне, сүйікті адамдарына да уақыт тауып жүрген бақытты ана, аяулы жар екендігін мақтан тұтады.

Динара Болатпен кездесуде айтылған өзекті мәселелерді өздеріңізге ұсынамыз:

Қос дипломмен қағаз тасыдым

-Мен қарапайым Орал қаласының Аңқаты деген ауылында мұғалім отбасында дүниеге келдім. Бала күнімізден ауылдың, ауланың бар тіршілігін жасап, сабағымызға да үлгеріп, жан-жақты болып өстік. Кейін жоғары оқу орнына да грантқа түстім. Қос дипломым бар. Бірақ, еңбек жолымды өте аз жалақыға, мұрағаттан бастадым. Әрине, қос дипломы бар адам мұндай жұмысты менсінбейді. Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласына кетуді ұйғардым. Сол жақта жаңа қызметке орналасып, көп ақша табамын деп ойладым. Бірақ, жалақым бас қалада өмір сүру үшін зорға жетіп жатты. Менің түйгенім – көп ақша тапқысы келетін адам, ең адымен көп тәжірибе жинауы керек. Тәжірибесіз маман 5 дипломы болса да жұмысқа жарамсыз болуы мүмкін. Сондықтан кішкентай баспалдақтан, аз жалақыдан бастасаңыз да үлкен тәжірибе жинақтауды көздеңіз.

Болашағымды бұрын болжап қойғанмын

-Армандаңыз, мақсат қойыңыз, сол жолда еңбектеніңіз. Менің анам география пәнінің мұғалімі болғандықтан, карта мен глобусты жақсы таныдым. Жарда ілініп тұратын сол ескі картаға қарап, болашақта осы елдердің бәріне барамын деп жиі айтатынмын. Адам өз ойының жемісі. Мен осы бала қиялымның кейін жүзеге асып, тіпті өмірімнің бір бөлшегіне айналатын сездім.

Қаржыны қалай үнемдейміз?

-Жақсы өмір сүру үшін, жағдайыңызды жақсартыңыз. Ол үшін қаржыны үнемдеу керек, яғни орынды пайдаланған дұрыс. Мәселен, мен студент кезімде алатын 3 мың теңге шәкіртақымның жартысын Нұр-Сұлтандағы болашақ пәтеріме деп жинадым. Арада 8-9 жыл уақыт өткенде үздіксіз жинаған сол қаржымның арқасында бас қалада жекеменшік пәтерге қол жеткіздім. Иә, мен де соңғы үлгідегі сәнді киім киіп, қымбат мейрамханаларда тамақтанып, ел аралап кеткім келді. Бірақ, баспана – бәрінен маңызды. Себебі, үйсіз-күйсіз жүрген адамның басқа мақсаттарға қол жеткізуі екіталай дүние.

d

Миллионердің «қатыны» емеспін

Динара Болатты танитын адамдар 3 баласы бар әйелдің қалай ел аралап, қыдырып жүреді? Бұл бір миллионердің «қатыны» шығар деп ойлауы мүмкін. Жоқ, мен де өзім секілді қарапайым ауылдан шыққан, жоқшылықты көрген, бүгінде бір ортада беделі бар қарапайым азаматтың некелі жарымын. Менің жолдасым ақшаға емес-мінезге бай адам. Біз көп жағдайда жар таңдауда қателеспе деп ер азаматтарға айтып жатамыз. Ал, мен қыз балдарға айтқым келеді осы ақылды.

Себебі, әйел де адам. Ол – ана, тіршіліктің тірегі. Әйелдің жағдайы жасалмаса, оның армандары орындалмаса, оның жан-дүниесі құлазып жатса, дүние қайдан нұрланады, қоғам қалай дұрысталады? Оның жанында: «сенің міндетің-тамақ пісіріп, бала туу»- деп төрт қабырғадан шығармайтын еркек жүрсе, әйел қайдан әлем көреді? Оларға жақсы өмір сыйлау, адал жар,аяулы ана, ақылды әйел статусынан түсірмеу сіздің міндетіңіз-ер азамат. Сондықтан, қазақтың аяулы қыздары өмірде сіздің пікіріңізді сыйлайтын, сіздің армандарыңызға бірге жетелейтін, жапондар секілді: «сізге адам болып туылғаныңыз үшін алғыс айтатын» ер жігітке ықтияр болыңыз.

Бала тәрбиесін басты орынға қоямын

Мен – әкемнің қызымын. Өмірімдегі әкемнің рөлі ерекше, сөзі заң мен үшін. Аудандық аурухананың бас дәрігері болған әкемнің бармайтын жері, араласпайтын адамы жоқ еді. Соның барлығында қасынан бір елі қалмай еріп жүріп, өстім. Ол кісі «не кидің? қайда бардың? қайдан келдің?» деген қисынсыз сұрақтарға бас қатырмайтын. Оның ойы, деңгейі одан жоғары болды. Мен болашақ жарымды да әкеме ұқсаттым. Менің идеалымдағы ер адам әкемдей болуы керек деп шештім және қателеспедім. Сондықтан, отбасында ер бала мен қыз баланың тәрбиесіне өте мұқият болыңыз. Ер бала қазірден бастап ұсақ-түйекке араласпайтын, салмақты, сабырлы болуы керек. Ол өзін сөзімен емес, ісімен дәлелдеуі керек.

Түйін:

Динара Болат секілді әрбір қазақ қызының қайсар, өжет, еңбекқор, бастысы өмірге деген көзқарасы дұрыс болғанын қалаймыз. Еркін форматтағы кезекті кездесуге келгендер де осыны ұғып, өздеріне мол рухани азық, мықты мотивация алып кеткені сөзсіз.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT