Жаңа жинақтың тұсауы кесілді

Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығында  Қазақстан Республикасы  Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі, UNESCO, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Ресей Суретшілерінің кәсіби одағының мүшесі, қазақ өнерінің жанашыры, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу және дизайн» факультетінің доценті Камила Жапалованың 50 жас мерейтойына арналған «Сырғамның сыңғыры» атты шығамашылық көрме өтті.

Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің ұйымдастыруымен өткен шара белгілі қылқалам шебері Камила Әбенқызының  бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттау, қылқалам шеберінің Атырау  Өнер музейінің және жеке қорында сақталған туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру мақсатында көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Көрмеде суретшінің 70-ке жуық кескіндеме және батик үлгісіндегі тың туындылары қойылды.

Кеш барысында Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи  көрменің ашылуымен құттықтап, қылқалам шеберіне тың табыстар, шығармашылық жетістіктер тіледі. Және мерейгер шығармалары жарияланған «Сырғамның сыңғыры» атты каталогтың тұсауын кесті.

Шығармашылық көрмеде ақ тілегін айтып, мерей жасымен құттықтаған қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов  Камила Жапалованың туындыларынан ыстық батиктің «кракле» сияқты дәстүрлі тәсілдерін қолданатыны, түстерді мінсіз әрі дәл таңдай білетінін баса  айтып, жоғары бағалады.

Салтанатты шарада мерейтой иесінің ұлттық киімдерден сән үлгілері жиынтығы келушілер назарына ұсынылды.

 

Рита Өтеуғали

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT