Аудандық кітапханада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК мен Махамбет аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Ұлы дала ханымдары және ұрпақ сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті.
Оған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары, ғалым-тарихшылары, ардагерлер, музейлер, кітапхана, мәдениет, білім бөлімдері басшылары, әкімдік қызметкерлері, ҮЕҰ қатысты.
Дөңгелек үстелді аудан әкімінің орынбасары Мардан Жұмахметұлы ашып, жиналғандарды аналар мерекесімен құттықтады. Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының РМҚК директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы да шараны әкімдікпен бірігіп өткізіп отырғандарын жеткізіп, шараға келушілерге қош келдіңіздер деген ізгі тілегін арнады. Шарада тарих ғылымдарының докторы , Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Ұлжан Төлегенқызы «Қазақ тарихындағы Бопай ана» туралы сыр шертсе, тарих ғылымдарының кандидаты, АтМУ-нің ректор аппаратының жетекшісі, қауымдастырылған профессор Гүлфайруз Қайырғалиқызы «Фатима тоташ» туралы баяндамасы да жұртшылық көңілінен шықты.
Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеті тарих ғылымының кандидаты Нағима Нәжімеденқызының «Арынғазы ханның бәйбішесі Кенже(Жақсы ханым) туралы баяндамасы да атап өтуге тұрарлық. Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы РМҚК ғылыми қор бөлім меңгерушісі Орындық Қалиқызының «Сүйінбике атым, тегім ноғай» баяндамасында Жанғали ханның жұбайы Сүйінбикенің Сарайшықта туған қазақ қызы екенін, кейін хан өлтіріліп, орнына інісі Сапагерей отырғанын, әмеңгерлік жолымен Сүйінбике оған тұрмысқа шығып, екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, хан оны ешнәрседен шектемей, билікке де араласқанын, одан Өтеміскерей деген ұл туғанын, бірақ IV Иван Русия мемлекетін құрып, ел арасында итаршылық арқылы жүзеге асырып, Қазан хандығын жоюды мақсат еткенін баяндады.
Ақыры Сапагерейді өлтіріп тынады, кезінде хан өз ұлы Өтеміскерейді мирасқоры етіп жариялағанын біліп, ол ел басқаруға әлі жас болғандықтан оның құқығын анасы Сүйінбикеге ұсынады. Ол ерінің орнына ел басқарып, төркін жұртымен жағдайды жақсартып, елдің басын біріктіреді. Сүйінбикенің алдымен еріне арнап жоқтау шығарса, кейін отағасына арнап, Қазан қаласында биік мәңгілік тас мұнара тұрғызады. Қазан қаласында «Қыз мұнара» атанған ескі мұнара әлі күнге дейін бар екен. Бүгінде мұнара жергілікті халық тәу ететін киелі орынға айналған. Сүйінбике заманында артына бай кітап қорын қалдырып, ғашықтар саябағын жасаған деген дерек те бар. Ақырында Иван IV Сүйінбикені баласы Өтеміскереймен қоса тұтқынға алып, Ресейге әкетіп тынады. Иван патша хан баласының атын, тегін өзгертіп, оны шоқындырып, атын өзгертіп, Александр деп атаған дейді. Өтеміскерей 20 жасқа келген кезде өлтіріледі. Ал тегі қазақ, Сарайшықта өмірге келген Ноғай ордасының ханы болған Сүйінбике 37 жасында өмірден озған. Ол Қазан хандығының дербестігін сақтаған, ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы болған жан. «Сүйінбике зарын» 1914 жылы Кумратова деген аударып, кітап болып, баспадан шыққан. 1920 жылдан бастап «Сүйінбике» деген(«Азат қатын») газет біраз уақыт шыққан. 2018 жылы Сарайшық музейіне бір топ ноғай ғалымдары келіп, оның ішінде Нәсіпханым Сүйінова «Едіге батыр» кітабын музей қорына ұсынды. Олар Сарайшықты әлі күнге дейін ата-бабасының жұрты деп санайды. Иә, Сүйінбике- тарихтан қалған соңғы хан болатын. Жазушы-ғалым К.Мулашовтың «Сүйінбике-ханбике» деген кітабы бар. Нұр-Сұлтанда Сүйінбике ханшайым көшесі бар- деп О.Қалиқызы баяндамасын аяқтады.
Одан әрі З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің ұстазы А.Нұрмұханованың «Ақжелең» күйі зал ішін кернеді. Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері жәіне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі хатшысы Гүлфайрус Төлегенқызының «Қазіргі қоғамдағы әйел рөлі» баяндамасы да көпке ой салды. Ол әйелдің қоғамда алатын орны зор екенін, елімізде, облыста, ауданда гендерлік саясатта, демографияда өзіндік үлес қосып жүрген ықз-келіншектер барын, ауданымызды мекендеген 34 мың халықтың 50 пайызын әйелдер құрайтынын меңзеді. Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Шамалиқызы саналы ұрпаққа тарих ақтаңдақтарын жеткізген, тұщымды ой, нанымды деректер ұсынған спикерлер еңбегіне ризашылығын білдіріп, жиналғандарды, барлық сала ардагерлерін аналар мейрамымен құттықтап, толайым табыстар тіледі.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Латифұлы да аналар мейрамы қарсаңында өткен іс-шараға облыстан бір топ тарихшы-ғалымдар келгенін, дөңгелек үстелде ұлы дала ханымдары туралы біліп, түрлі зерттеулерге қаныққанын ортаға салып, келген қыз-келіншектерді көгілдір көктем мерекесімен құттықтады.
А.Қуанышқалиева