Атырау облысының ауыл әйелдері форумы биыл Махамбет ауданында өткізілді.
Форумды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Президенті және Атырау облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Атырау облысы және Махамбет ауданы әкімдігі, «Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Coca-cola» халықаралық қоры, «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» қолдау көрсетті.
Ауылдағы еңбеккер әйелдерді көтеру, өз бетімен кәсіп ашуға талпынып жүрген нәзік жандыларға қолдау көрсетуді мақсат еткен форумға Нұр-сұлтан, Атырау қалаларынан және облысқа қарасты алты ауданнан арнайы делегация келіп қатысты.
Мәртебелі меймандар алдымен ауылшаруашылығы өнімдері және қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесін тамашалады.
Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Теміртасқызы, «Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі Басқарма төрағасы Салтанат Темірқұлқызы, «Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлы Тельманқызы құттықтау сөз сөйледі.
Бірінші пленарлық отырыс «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылда өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру» тақырыбына арналды. Оны, «Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі Басқарма төрағасы Салтанат Темірқұлқызы жүргізіп отырды. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов «Ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қаржылық емес және қаржылық қолдау тетіктері», Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Мәмбетов «Әйелдерді әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту мәселелері қалай шешілуде», Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриалық-иновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Құспан «Өңірімізде ауыл әйелдері кәсіпкерлігін дамыту туралы», «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова «ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылатын ауыл шаруашылығы жобаларындағы: ауыл әйелдері кәсіпкерлігін дамыту жұмыстары», Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Толқын Бейсқали «Ауыл - ел бесігі: ауыл әйелінің қоғамдағы рөлі», Құрманғазы ауданы Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаева «Сафон ауылдық округі тәжірибесімен ауылдағы өмір сапасын арттыру жолдары» тақырыптарында баяндама жасады.
Екінші пленарлық отырыста «Амангелді атындағы» ЖШС директоры Айгүл Әмірғалиева, Мақат ауданы Доссор кенті әкімінің орынбасары Гүлнәр Ерғожиева, Жылыой аудандық орталық аурухана-перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Мәмбетова, Индер ауданы, Аққала ауылында пошта саласындағы франчайзинг пошта торабының жетекшісі, «Рақым и К» ЖШС директоры Балауса Жұбаниязова, Исатай ауданы, «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері Қамажай Зайновалар «Менің жетістіктерімнің тарихы» тақырыбы аясында өмір және еңбек жолдарында жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі.
Форум барысында Асхат Сүлейменов «Coca-cola белестері» - табыс аумағы» диалогтық алаңы тақырыбында шеберлік сағатын өткізсе, Ляззат Асқарова «Тұрақты даму мақсаттары -2030 көшбасшылары ауыл әйелдері арасында» Қоғамдық институты жобасымен таныстырды.
Форумды Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева мен «Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі басқарма төрағасы Салтанат Рахимбекова қорытындылап, бір топ еңбек ардагері мен өз саласының үздік әйелдеріне «Алғыс хат» пен ақшалай сертификат табыс етті.
Аудан өнерпаздары арнайы дайындаған сазды, қойылымдық бағдарлама да форум қатысушыларының көңілінен шықты. Әсіресе, Қуандық Рақымның "Мен қазақпын" әніне жазылған жергілікті ақын, "Өнерпаз" мәдениет үйінің директоры Серік Қойшығұловтың аруларға арнаған өлеңі форумның әнұраны іспетті болды.
Баян СҮЙЕУОВА