Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына сапары кезінде “Сарайшық” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының болашақта салынатын сапар-орталығының құрылыс алаңымен танысты.
Сапар-орталығының құрылысы сыртқы және ішкі туризм көлемінің көбеюіне, адамдардың қасиетті Сарайшық қалашығына ерекше назар аударуына септеседі деп күтілуде. Бұл нысан туристер мен келушілерге толыққанды жағдай жасауға мүмкіндік беретін тұтас кешен болмақ.
“Сарайшық” тарихи-мәдени музейінің директоры Әбілсейт Мұхтардың айтуынша, археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған карта бойынша, қалашықтың бағзы қамалын табу мақсатында биыл да көне шаһардың орнында қазба жұмыстарын жүргізген.
Осы қазба жұмыстары кезінде диірмен тасы, Өзбек хан билік құрған уақытта жасалған мыс тиындар табылған. Соңғы жәдігерлер 1330-1350 жылдары Сарайшықта соғылған деуге толық негіз бар дейді тарихшылар. Археологтар көне қыш бұйымдарды да “олжалаған”. Мұндай сипаттағы керамикалар ХІІ ғасырда жасалған екен. Сондай-ақ, жасалғанына екі мың жылдай болған айна сынығы мен тас келсаптар және әртүрлі кезеңдегі жебе ұштары табылған.
Ал, археологтардың кезекті “олжасы” - жылқы бейнесінде жасалған жез кілт - әлемнің кез келген алдыңғы қатарлы музейлерінің экспозициясынан ойып тұрып орын алатындай жәдігер. Айтпақшы, музей қызметкерлері, аймақ басшысына қазба жұмыстарына қатысқан ғалымдардың бірі - Астрахан қаласының тарихи-сәулет музей-қорығының археология секторының меңгерушісі Вячеслова Плаховтың осы тектес кілттің Эрмитаж жәдігерлерінің арасында да бар екендігін мәлімдегенін жеткізді.
Облыс әкімі тарихымызды сақтауға бағытталған мұндай жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, аталған істе жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау білдіретінін атап өтті.
Өткен жылы көне Сарайшық қалашығы маңында қорғау-жағалау бөгетін салу жұмыстары аяқталғанын естеріңізге сала кетейік. Бұл тарихи орынның Жайық өзені суларымен шайылуына жол бермеді. Екі жыл ішінде құрылысшылар биіктігі 3,6 метр болатын бір жарым километр қорғау-жағалау бөгетін тұрғызды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:ӨҚК